Мұндай пікірді халықаралық сарапшылар ауру жұқтырғандар санының артуына және қауіпті инфекциялармен күрес бағдарламаларын қаржыландырудың қысқаруына қарата айтты.
Мамандардың пікірінше, қазіргі жағдай COVID-19 пандемиясынан кейін эпидемияларға қарсы әрекет етудің әлемдік жүйесі қаншалықты осал болып қалғанын көрсетеді.
Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңестің жаһандық денсаулық сақтау бағдарламасының директоры Томас Боллики індет халықаралық денсаулық сақтау жүйесіндегі елеулі өзгерістер жағдайында өршіп жатқанын айтты.
Оның сөзінше, ғалымдар мен дәрігерлерде мұндай қауіптермен күресуге жеткілікті білім бар, алайда қолдау көрсететін ұйымдар мен тетіктер бірнеше жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда әлсіз.
Сарапшы коронавирус пандемиясынан кейін қоғамдық және жаһандық денсаулық сақтау саласына деген көзқарас айтарлықтай нашарлағанын атап өтті. Оның бағалауынша, әлемге қауіпті аурулармен күрестегі халықаралық ынтымақтастықтың табысты мысалдары бұрынғыдан да қажет.
Осыған ұқсас пікірді 1976 жылы Эбола вирусын ашуға қатысқан бельгиялық микробиолог Питер Пиот та білдірді. Ол жаһандық пандемияның алдын алудың ең тиімді жолы – аурудың таралуын ерте кезеңде тоқтату екенін айтты.
Ғалымның сөзінше, болашақ эпидемияларға дайындыққа бағытталған инвестициялар біртіндеп қысқарып келеді. Ол мұндай жағдайды дәл қазір өрт жоқ екен деп өрт сөндіру қызметін таратып жіберумен бірдей екенін айтты.
Конго Демократиялық Республикасының билігі Эбола індетінің өршуі туралы 15 мамырда жариялады. Сол күні Угандада да аурудың сырттан әкелінген жағдайы расталды.
17 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасы мен Угандағы жағдайды халықаралық маңызы бар қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп таныды.
КДР Байланыс және БАҚ министрлігінің соңғы деректеріне сәйкес, Эбола безгегінен қайтыс болғандар саны 181 адамға жетті. Ал расталған ауру жағдайларының саны 710-ды құрайды.
Айта кетейік, Конго Демократиялық Республикасында Эбола безгегінің өршуі 29 медициналық аймаққа әсер еткенін жаздық.