Аграрлық секторды субсидиялауға қаржы жетіспеушілігі бизнесмендерді алаңдатады - Иван Сауэр

АСТАНА. ҚазАқпарат  -Үкімет отырысында «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр аграрлық секторды субсидиялау бойынша қаржының жетіспеушілігі бар деген бизнесмендердің алаңдаушылығын жеткізді,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тиісті өзгертулердің арқасында өндірістерді әртараптандыруда елеулі түрде алға жылжыдық. Осы орайда майлы дақылдар бойынша егістіктердің артуына мемлекеттік қолдауды дұрыс бағыттау шаралары ықпал етті. Сонымен қатар біз тұқым шаруашылығын субсидиялау мәселесендегі өзгерістерге ризашығымызды білдіреміз. Бұл тұрғыда астық шығымдылығын арттыруға болатындығын айтудамыз, яғни сапалы тұқымсыз астықтың өнімділігін жоғарылату мүмкін болмайды»,-деді ол.

Сонымен қатар тыңайтқыштар мәселесіне тоқталған И. Сауэр, бүгінде оны пайдалану көлемі артып келе жатқандығын жеткізді.

«Отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында батыл қадамдар жасау керек. Себебі бұл тыңайтқыштар мен өсімдікті қорғайтын заттарға  бағаның жоғарылауына жол бермеудің дәлелі. Атап айтқанда, осы қаржының бір бөлігі логистикалық инфрақұрылымды дамытуға негізделетіндей субсидиялау керек»,-дейді агрофирманың бас директоры.

Бұдан бөлек ол қаржыландыру мөлшерлемесін субсидиялау бойынша қаражаттың жетіспеушілігі тұрғысында бизнес алаңдаушылық танытып отырғандығын сөз етті. Бұл ретте осы жұмыстар ұзаққа созылып кетеді немесе қаржы жетіспейді деген қауіп бар көрінеді.

И. Сауэрдің пайымынша, агроөнеркәсіптік кешенге 26 пайыздан астам инвестициялау белсендігін сақтау қажет. Осы орайда бизнес бұл бағыттағы оңтайлы қадамдардың сақталуын ұсынып отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов соңғы жылдары жыл сайынғы астық сапасының төмендеуі байқалып отырғандығын атап өтті.

«2011 жылы 1-3 класс астықтарының көлемі 88%-ды, 2016 жылы - 45%-ды құрады, бұл ретте, керісінше сапасы аса төмен 4-5 класс астық 2011 жылғы 10%-дан 2016 жылғы 41%-ға ұлғайды.  Осыны ескере отырып, келесі шаралар қабылданды: бірегей және элиталық тұқымдарды, сондай-ақ ең төменгі нормаларды қолданбай, бірінші көбейтілген және бірінші ұрпақ будандарының тұқымдарын субсидиялау қалпына келтірілді»,-деді ол.

Сонымен қатар вице-министр  тұқым шаруашылығын субсидиялауға 7,7 млрд теңге көзделгенін, бұл 2016 жылға (2,4 млрд теңге) қарағанда 3,2 есе артық екенін айтты. Бұл ретте әкімдіктер басында 3,7 млрд теңге бөлген болатын, бұл қажет қаражаттан 56%-ға төмен. Әкімдіктермен жүргізілген жұмыс қорытындылары бойынша қосымша 4,0 млрд теңге бөлінді. Бұл сол бюджеттің шеңберінде, басымдықтарды қайта қарау есебінен болды.

Мұнымен қоса, Айтуғанов  тыңайтқыштарды қолдануға ынталандыру мақсатында субсидиялау тәсілдері өзгертілгенін, олар тыңайтқыштар қолдану көлемдерін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін атады.

Бұдан басқа, тыңайтқыштарды субсидиялауға 13 млрд теңге бөлінді, бұл 2016 жылға (11,1 млрд теңге) қарағанда 2 млрд теңгеге артық. Субсидияланатын тыңайтқыштардың түрлері 2016 жылғы 85-тен 2017 жылы 161-ге дейін артты.

«Мал шаруашылығындағы жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін субсидиялау өлшемшарттарына елеулі өзгерістер енгізілді, олар субсидия алушыларды қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл түпкі нәтижесінде өнім көлемінің өсуіне әсер ететін болады: егер ірі қара мал еті бойынша бұрын субсидияны 175 шаруашылық алса, бүгінгі күнде қамту 522 немесе 100 пайыз»,-деді ол.