«Соңғы 12 жылдың ішінде жалпы өнімнің көлемі 4 есеге артып, 2012 жылы 1,9 триллион теңгені құрады. Аталған мерзімде өсімдік шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 3 есеге өсті (325,7 млрд. теңгеден 981 млрд. теңгеге дейін), ал мал шаруашылығының өнімдері 5 есеге артты (207,9 млрд. теңгеден 1 трлн. теңгеге дейін)», - деді министр.
Атап айтқанда, былтыр мал шаруашылығының үлесі өсімдік шаруашылығынан жоғарылап, 50,6 пайызды құраған екен. А.Мамытбековтың сөзіне қарағанда, 2012 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты 3 млрд АҚШ долларынан асып түскен. Бұл көрсеткіш 2011 жылға қарағанда, 66 пайызға жоғары.
Ведомствоның мәліметіне қарағанда, соңғы жылдары Қазақстанда бидай егістерінің аумағы едәуір қысқарды. Мәселен, 2009 жылы жалпы егіс алқаптары ішінде бидай егістері 69 пайызға жуық (14,8 млн. гектар) деңгейде болса, 2012 жылға қарай оның көлемі 64 пайызға дейін қысқарды (13,5 млн. гектар). 2013 жылы бидай егістерінің аумағы 61 пайызды құрады (13,1 млн. Гектар).
Бұдан бөлек министр мырзаның айтуынша, 2012 жылы шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтардағы мал басы 20,1 пайызға өсті, ал 2013 жылғы қаңтар-маусымда бұл көрсеткіш 22,8 пайызға артты. Сонымен қатар, 2009-2012 жылдар аралығында агрошаруашылықтарда ірі қара мал басының жалпы көлемінде аналық мал басының үлесі 37,2 пайыздан 43,9 пайызға дейін өскен көрінеді. Оның пайымдауынша, саладағы аталған үдеріс әлі де жеткіліксіз. Бұл тұрғыда ауыл шаруашылығы саласына инвестицияның біршама төмен деңгейі тежеуіш фактор ретінде әсер етуде.
Сонымен қатар А. Мамытбеков ірі қараның жалпы санында асыл тұқымды мал басының үлесі 8 пайызды құрағанын сөз етті. Ал мал шаруашылығы дамыған елдерде бұл көрсеткіш 40-50 пайыздан асып жығылады екен. Атап айтқанда қазіргі кезде қасапханаға бағытталған тірі жануардың орташа салмағы 310 келіні құрайтын көрінеді, ал әлемде 500-520 келі стандарт ретінде қабылданып отыр. Бұған қоса республикада бір сиырдан сауылған сүттің орташа көрсеткіші жылына 2200 литрді құраса, шетелде бұның деңгейі бір жылда 6-8 мың литрге дейін жетеді.
«Бұл жағдай салаға инвестиция тартуды ынталандырудың қажеттілігін көрсетіп отыр. Дәл осы үшін «Агробизнес-2020» бағдарламасы негізге алынды. Ол өз кезегінде ауыл шаруашылы саласындағыларға мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктетін қарастырады»,-деп тоқталды министр.
Белгілі болғандай, ведомство ауыл шаруашылығының әр ішкі саласына барлығы 15 шеберлік жоспарын әзірлеген. Шеберлік жоспарларын жүзеге асыру тетігі көрсеткіштерді жылдар және облыстар бойынша нақты бөлуді қарастырады. Аталған тетік ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту бойынша жобаны жүзеге асыру кезінде қолданылып, өз тиімділігін көрсеткен болатын.
Осы орайда министр Қазақстанда 2014-2020 жылдарға арналған сүтті мал шаруашылығын дамыту бойынша шеберлік жоспары бекітілгенін айтып өтті. «Шеберлік жоспардың мақсаты - республикада сүт өндірісінің көлемін 2020 жылға қарай 1,7 млн. тоннаға арттыруға негізделген. Бұл өз кезегінде сүт импортын айтарлықтай төмендетуге, сондай-ақ еліміз халқының тұрақты өсуін ескере отырып, жан басына шаққандағы тұтыну нормасын арттыруға мүмкіндік береді», - деді А. Мамытбеков.
ҚР АШМ мәліметіне қарағанда, 2011 жылы сүт және сүт өнімдерінің импорты 908 мың тоннаны құраған, ал 2012 жылы бұл көрсеткіш 903 мың тонна болды немесе еліміз бойынша жалпы тұтыну деңгейінің 21 пайызы.
Өз кезегінде Премьер-Министр Серік Ахметов Ауыл шаруашылығы министрлігіне саланы дамыту бағытында секторлар бойынша шеберлік жоспарын бекітуді тапсырды. «Әсіресе бұндай жұмыстар өсімдік шаруашылығы, ветеринария және басқа бағыттарда іске асырылуы тиіс», - деп атап өтті С.Ахметов.
Бұдан бөлек, Премьер-Министр заңнаманы реттеу, сондай-ақ, «Агробизнес-2020» бағдарламасының жаңа тетіктерін енгізу үшін және оны қаржыландыруды қамтамасыз ету тұрғысында Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаевқа барлық мемлекеттік органдардың іс -қимылын үйлестіріп, осы мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырды.