Агроөнеркәсіпті дамыту тек агробизнеспен шектелмеуі керек - Қ. Айтаханов

АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Агробизнес-2020» бағдарламасы дер кезінде қабылданып отыр. Алайда ауылды дамыту үшін бұл бағдарлама жеткіліксіз. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті. Еске сала кетейік, жиын барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланған болатын.

«Агробизнес үшін өндіріс құралдары, ауыл шаруашылық техникаларын шығару, ауылдың тұрмысын қала тұрғындарының тұрмысына жақындату, өндірілген азықтық өнімдерді дайындап, оны терең өңдеп тұтынушыға жеткізу секілді кешенді іс шаралар қамтылуы тиіс. Бұл үшін ауылды кешенді түрде дамытуымыз керек: жол, мектеп, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, байланыс нысандарының болуы, елді-мекендерді газдандыру секілді мәселелердің баршасы шешілсе ғана, агроөнеркәсіп кешені дамиды, ауыл гүлденеді. Ең бастысы ауылда маман тұрақтанады», - деп түйіндейді Қ. Айтаханов.

Сенатор бұл бағытта біршама шаралар атқарылғанымен, оның әлі де жеткіліксіздігін алға тартады. Соған орай, депутат «Гүлденсе ауылымыз - гүлденеміз бәріміз!» деген ұран барша халықтық ұранға айналуы тиістігін, осы арқылы барша жұрт жұмылып ауылды гүлдендірулері керектігін алға тартады.

«Бүгінде ауылға қаржы керек. Шаруаларға арзан, қолжетімді несие берудің тетіктері әлі де болса толық шешілмеген. Республика халқының 46 пайызы ауылда тұрады. Ал екінші деңгейлі банктердің несие портфелінің небәрі 3,5 пайызы ғана ауыл шаруашылығына жұмсалған. Осы ретте ауыл шаруашылығы банкін ашу мәселесінің айтылғанына он жылдай уақыт боп қалды. Бәрі осыны дұрыс деп қолдайды, алайда бұл шешімін таппайды», - деді ол.

Сонымен қатар, сенатор ауылдағы кадр мәселесіне де тоқталып өтті. Оның сөзіне қарағанда, агроөнеркәсіп саласында кадр даярлау мәселесі сын көтермейді. Оқу орындарының ауыл шаруашылығы саласымен байланыстары да үзілген. Олардың оқу-тәжірибе шаруашылықтары, клиникалары мен зертханалары да жоқ, білім сапасы да төмен. «Әсіресе, ветеринария саласының ахуалы ауыр. Материалдық базасы төмен. Республика бойынша 191 аудандық ветеринария стансаларының 31 пайызы ғана, 2 359 ветпунктің 10 пайызының ғана жеке ғимараттары бар. Ветеринарлардың еңбекақылары да төмен, олардың орташа жалақысы мен алатын айлығы 60-100 мың арасында ғана. Ендеше олардың жалақысын 2,3-3 есеге дейін арттырған орынды», - дейді Қ. Айтаханов.