Ағымдағы жылдың үш айында қаржы полициясы заңсыз айналымнан 789 мың теңгенің темекі өнімдерін тәркіледі

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Биылғы жылдың үш айының өзінде қаржы полициясы органдары заңсыз айналымнан 789 мың теңгенің темекі өнімдерін алды.

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ол келтірген мәліметтерге қарағанда, Жамбыл облысында Дүйсенбаев деген азамат Тараз қаласының салық органдарында тіркеусіз және лицензиясы жоқ 723 мың теңгенің темекі өнімдерін сатқаны үшін 1 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған. «Алкогольдік және темекі өнімдерін қолдан жасау кезінде құқық бұзушылар көбіне акциздік маркаларды пайдаланатыны белгілі. Осыған орай қаржы полициясының өкілдері ағымдағы жылдың үш айында 1 миллионнан астам акциздік маркаларды тәркіледі. Мысалы Ақтөбе облысында бір азаматтан тексеру барысында 21 мың жалған акциздік марка мен 30 мың түрлі таңбалар, арақ жасауға арналған құралдар, этил спирті мен жалған маркалар жапсырылған 600 шөлмек табылды. Сондай-ақ Қостанай облысының бір тұрғынынан қолдан жасалған алкогольдік өнімдерге арналған 10 мың дана акциздік марка алынды», - деді ресми өкіл.