Ақтөбе теннис мектебінің түлегі, 13 жастағы А.Мақанов ширек финалда Tennis Europe рейтингісінде 2-орында тұрған грекиялық Рафаэль Пагонисті жолдан тайдырды – 6:4, 6:2.
Жартылай финалда жарыстың 4-ракеткасы, украиналық Юрий Столяровтың мысын басты – 6:2, 6:4.
Қазақстандық теннисші тартысты өткен соңғы бәсекеде Tennis Europe рейтингісінде 10-сатыдағы франциялық Самуэль Дакасеннің меселін қайырды – 6:2, 6:7, 6:3.
Kungens Kanna & Drottningens Pris додасында 2015 жылы Тимофей Скатов озық шыққан еді.
Онда қазақстандық спортшы финалда ұлыбританиялық Джек Дрейперді 6:4, 6:2 есебімен ұтқан болатын.
Ахмади Мақанов – Швеция королінің кубогын жеңіп алған, толықтай Қазақстанда дайындалған алғашқы ойыншы. Ахмади қазіргі кезде Team Kazakhstan академиясында жаттығады.
Швеция королінің кубогы үшін Kungens Kanna & Drottningens Pris турнирі 1901 жылдан бері өткізіліп келеді. Кезінде мұнда әлемнің экс 1-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің 11 дүркін чемпионы, швециялық Бьорн Борг жеңімпаз атанған еді. Сондай-ақ осы турнирде Стефанос Циципас, Каспер Рууд, Джек Дрейпер және басқа атақты теннисшілер ойнады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын жас теннисші Ахмади Мақанов туралы не білетінімізді жазған болатынбыз.