Ахмадинежад Ядролық қару-жарақты таратпау туралы шарт бойынша шолу конференциясына қатысу үшін АҚШ-қа виза алуға өтінім берді - БҰҰ

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат - Иран Президенті Махмұд Ахмадинежад АҚШ-қа виза алуға өтінім берді.

Бұл туралы сәрсенбі күні журналистерге АҚШ-тың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Сюзан Райс ханым мәлім етті, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.

«Менің білуімше, Ахмадинежад виза алуға өтінім берді», - деді дипломат. Осылайша, Сюзан Райс мамыр айында Иран басшысының Ядролық қару-жарақты таратпау туралы шарт бойынша шолу конференциясына қатысу үшін Нью-Йоркке келуді жоспарлап отырғаны туралы түрлі дерекөздер таратып отырған ақпараттарды қуаттады.

Бірақ та, Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігі бұл мәліметті растаған жоқ. Иран тарапының атап көрсетуінше, форумға Тегранның атынан нақты кімнің қатысатыны - президент пе, әлде сыртқы істер министрі Манучехр Моттаки ма, әзірге шешілмеген.