18:06, 24 Сәуір 2009
Ахмед Иүгінеки
Ахмед Иүгінеки, Югнаки Адиб Ахмед ибн Махмуд (12 ғасырдың соңы – 13 ғасырдың басы) – ортасырлық ақын, хакім, ойшыл.
Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан өңіріндегі Иүгінеки (қазақша Жүйнек) қаласында туған. Ахмед Иүгінекидің ғұмыры, өмір сүрген ортасы туралы деректер тым тапшы. Зағип болып туып, фәни жалғанның жарық сәулесін көрмей бақиға озған Ахмед жастайынан ілім-білімге құмартып, түркі тілдері мен араб тілін жетік меңгерген. Шариғат қағидаларын жан-жақты зерттеп-танып, терең іліміне сай «Әдиб Ахмет» деген құрметті атқа ие болған. ақыл-ойы толысып, діни танымы әбден кемелденген шағында ол қысқаша тақырып-тақырыптарға бөліп, ислам құндылықтарына негізделген өлең-жырларын өмірге келтіре бастайды. Кейін жәдігерлердің басы біріктіріліп, «Һибат ул-хақаиқ» («Ақиқат сыйы») деп аталатын дидактикалық өлеңдер жинағына айналған. Мазмұны, танымдық нәрі жағынан алғанда «Ақиқат сыйы» - Әбу Наср әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Ж.Баласағұни, Қожа Ахмет Яссауи мұраларымен іштей астасып, 9-13 ғасырлар аралығындағы түркі дүниесінің рухани қазыналарының жарқын туындысына айналды.
Ахмед Иүгінекидің «Ақиқат сыйының» түпнұсқасы біздің заманымызға жетпей, біржолата жоғалып кеткен. Оның мұрасының 14-15 ғасырларда жасалған 3 түрлі көшірмесі, 3 түрлі үзіндісі бар. оның ішінде ең ескісі ? 1444 жылы Самарқанда Арыслан Қожа тархан Әмірдің қалауымен Зәйнүл Әбідін бин Сұлтан Бақыт Журжани Құсайын көшіріп жазған нұсқа. Көне ұйғыр, арагідік арабша хатқа түскен нұсқаның жалпы көлемі ? 508 жол. Бұл мұра қазір Ыстамбұлдағы Айя-София кітапханасы қорында сақтаулы. Екінші нұсқа да аталған кітапханада. Оны 1480 жылы Ыстамбұлда Шайхзада Абд әр-Раззақ ұйғыр және араб жазуымен көшірген, 506 жолдан тұрады. Ал «Ақиқат сыйының» үшінші арабша нұсқасы 14 ғасырдың соңында немесе 15 ғасырдың басында 524 жол өлең көлемінде көшірілген. Ол Ыстамбұлдағы Топ-Қапы сарайында сақтаулы тұр. Сол сияқты «Ұзын көпірдегі Сейіт Әлі» деген кісінің кітапханасынан табылып, Анкара кітапханасына табыс етілген, кейін мүлдем жоғалып кеткен Ахмед Иүгінеки мұрасы туралы дерек бар.
«Ақиқат сыйының» бірнеше нұсқасын тауып, зертеп, жариялауда ? Н.Әсім, Р.Арат (Түркия), В.Радлов (Ресей), Ж.Дени (Франция), Х.Сүйіншәлиев, Ғ.Айдаров, Ә.Құрышжанов, М.Томанов, Б.Сағындықов (Қазақстан), т.б. шығыстанушы ғалымдардың еңбегі зор. Аталған еңбектің 14 ғасырдағы түпнұсқасының фотокөшірмесі, транскрипциясы қазақ тіліне қара сөзбен жолма-жол және өлеңмен аударылып, 1985 жылы жарық көрді.
Ахмед Иүгінеки өз шығармаларында дүние жаратылысы мәселелерін ислам қағидалары негізінде түсіндіреді. «Барлық нәрсе бір Алланың еркінде» екендігін және оның даралығын дәріптейді. Сол үшін де ақын мәңгілік өлім ұғымы жоқ, ол өмірмен алмасып отырады дейді: «Жоқ едім. Жараттың. Және жоқ қылып, екінші бар етерсің» немесе «Өліні тірі, тіріні өлі етеді». Ал тірліктің өлшемін білім арқылы белгілейді. Яғни, білімдіден пайда бар, пайдалы нәрсе ? тірі, ал пайдасыздық ? бос, өлі нәрсе. Олай болса, білім арқылы мәңгілік өмірге қол жеткізуге болады, өйткені «Білімдінің өлуі» мүмкін, бірақ «аты өлмейді». Ахмед Иүгінеки үшін білім ? көп білу емес, таным, ақиқатты білу.
Ахмед Иүгінеки гуманизмі діни-этикалық қағидалармен қабысып жатады: «Біреу зәбір-жапа жасаса, қарымына рахат көрсет. Өйткені қанды қанмен қанша жусаң да тазармайды. Адамгершіліктің басы - осы». Яғни зұлымдық зұлымдықты тудырады деген қағиданы хадистерінің қазығы ете отырып, кешірімді болғанды хош көреді: «Бір айыпқа бола бас кесуші дүниеде тірі адамсыз қалады» дейді. Бірақ дүние мен адамдардың кемелсіздігіне орай айтылған «Мың досың болсын мейлі, біреуі де адал емес», «Дүние бір қолмен бал, бір қолмен у ұстатады» немесе «Шырақ, сырың өзіңде сақталып тұрмаса, досыңда сақтала ма?» деген сөздерінен үмітсіздік сарындар да аңғарылады. Ахмед Иүгінекидің нақыл сөздері түркі жұртында бүгінге дейін мақал-мәтел түрінде сақталып, айтылып келеді.Дереккөздері:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1 том
«Тарихи тұлғалар» кітабы