17 күнде 20 мыңға жуық қоңыру қабылданды
Ақтөбе облысында су тасқыны кезеңі басталған кезде тұрғындар шағымы мен өтінішін қабылдайтын Ахуалдық орталық үздіксіз жұмыс тәртібіне көшті. Мұндағы диспетчерлердің қатарына облыстық ТЖД қызметкерлері, жедел штаб өкілдері қосылды. Қоңырау шалғандар саны күрт артып, диспетчерлер минут емес, секунд сайын жауап берді.
- 24 наурыздан бастап 19800-ден астам қоңырау түсті. Оның 11 мыңы тіркелді. Өзгесі қайталама қоңырау, яғни бір адам жүз рет хабарласса да, бір рет деп іріктіледі. Қоңырау шалған адамдардың өтініші әртүрлі болды. Мәселен, Ақтөбе су қоймасының шлюзі ашылғанда Елек өзені жағасындағы, Сазды су қоймасына су толғанда осы маңдағы бау-бақша ұжымының тұрғындарынан қоңырау көбейді. Қарғалыда да дәл осы жағдай. Тұрғындар құм сұратып, су сору көліктерін жіберуді өтінді. Әр тұрғынның шақыруын қабылдап, бригадаға нақты мекенжайын, телефон нөмірін жіберіп отырдық. Оларға алыстан емес, сол маңда жүрген бригада бағытталды, - деді Ақтөбе облысы Ахуалдық орталығының жетекшісі Ерлан Мұқан.
Ахуалдық орталық диспетчерлері қоңырау қабылдайды, ал сараптама бөлімі талдау жүргізеді. 24 наурызда мұнда 300-ден астам, ал 27 наурыз күні 1900-ге жуық қоңырау түсіп, тасқынға қарсы күрес жұмысы күшейтілді. Бұл күні Ақтөбе қаласында төтенше жағдай қабылданып, эвакуациялау жұмысы жүргізілді.
- Өзен деңгейі көтеріліп, үйлерге су кіргенде адамдар жаппай қоңырау шалды. Мұндай жағдай көбіне кешкілік басталып, түнде жалғасты. Минутына емес, секундына қоңырау түсіп, қабылданды. Сондықтан орталықта адам саны да артты. Қазір жағдай бірқалыпқа түсті. Енді тұрғындар құм жеткізу, қап пен техника сұрап жатыр, - деді Ахуалдық орталықтың бас менеджер Гүлжан Жұмабекқызы.
Шығынды есептеу комиссиясының жұмысын сұрап жатқан адам көп
Үйін су басқан ақтөбеліктер қазір бір реттік төлем, шығынды өтеу сұрақтарын қойып, 109 нөміріне хабарласып жатыр. Ақтөбе қаласы мен Әйтеке би ауданында 300 мың теңге, ал өзге аудандарда 100 АЕК ретінде бекітілген көмекті алып жатқандар саны күн санап артып келеді.
- Диспетчерлерге комиссия жұмысы, төлем алу жолы туралы алдын ала ақпарат берілді. Олар қоңырау шалып, жолын сұраған адамдарға кідіріссіз жауап береді. Сонымен бірге кеше Қарғалы өзенінде су деңгейі көтеріліп, Балауса тұрғын алабығанан көмек сұрағандар болды. Бір айта кетерлігі, «бізге құм қажет» деп көмек сұраған тұрғындарға жүк көлігі жіберіледі. 10 тонналық көлік су жүрген жерде батып қалып, көмек жеткізу қиындайды. Сондықтан ауыр жүк көлігіне де тағы бір көлік жіберіледі. Ұзаққа созылуы осыдан, - деді Ерлан Мұқан.
Ақтөбеліктер арасында «көлігім бар, құмды өзім аламын, көмектесемін» деген еріктілерге карьерден құм тиеуге мүмкіндік берілді. Ол үшін де адамдар 109 нөміріне қоңырау шалып, алдын ала ескертеді. Ал Ахуалдық орталық пен Жедел штаб көлік нөмірін карьерге жауаптыларға беріп, құм тиеуге жағдай жасалады.
- Мұндай кезде жеке бастың қамып ойлап, тегін алған құмды сатып жатқан деректер де кездесті. 10-15 мыңнан сатқаны анықталды. Тұрғындарға қайта ескертеміз, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жұмысы тегін. Құм тиеу, тасымалдау да тегін ұйымдастырылады. Су сору жұмысы, мотопомпа қызметі де ақысыз. Құм қажет деп, құрылыс жұмыстарына сұратқан адамдар анықталып жатыр. Оларға түсіндіру жұмысы жүргізілді, - деді Ерлан Мұқан.
9 сәуір сағат 14:00-дегі ақпарат бойынша су тасқыны кезеңінде 180 мың текше метр сорылды. Сонымен бірге 59 мың тонна құм жеткізілді. Ахуалдық орталықта арнайы техникалардың, ассенизаторлардың қайда жүргені, қанша уақыт аялдағаны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Әрқайсысына навигатор қондырылған.
Ландшафт карта ауыл тұрғындарын алдын ала эвакуациялауға мүмкіндік берді
Ақтөбедегі Ахуалдық орталық мамандары су тасқыны кезеңінде ландшафт картаны да пайдалана бастады. Мағаджан бөгеті бұзылған кезде судың қалай қарай ағатыны, қай ауылдарға қауіп төнгені алдын ала хабарланды.
- Судың жолын қарап, есептеп, қай ауылға қауіп төнгенін алдын ала біліп, әкімдіктерге хабарлама берілді. Мағаджан бөгетінен шыққан су жолында Алға ауданының Бесқоспа ауылы бар. Ол ауылға су жеткенше бірнеше қалташық толуы тиіс. Бұл кезде құтқарушылардың, жергілікті атқарушы орган өкілдерінің адамдарды эвакуациялауына мүмкіндік туды. Карта жер бедерін қарап, шешім қабылдауға арналған, - деді Ерлан Мұқан.
Сонымен бірге Ахуалдық орталық мамандары Ырғыз ауданы Нұра ауылындағы жағдайды да бақылап отыр. Орталық жетекшісі Ерлан Мұқанның хабарлауынша, мұнда жағдай тұрақты. Сонымен бірге бүгін облыс орталығы Ақтөбе қаласында адамдар эвакуацияланбады. Қалада жағдай тұрақталып келеді.
Тұрғындар өтініші Dara bala платформасына енгізілді
Су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың өтінішін әкімдіктердегі мамандар қабылдайды. Кейін құжаттардың көшірмесі Dara bala платформасына енгізеді. Бұл ашықтықты қамтамасыз ететін жүйе.
- Ереже бойынша су тасқыны кезінде зардап шеккен адамдар жергілікті әкімдікке барып, өтініш жазады. Онда жеке куәлік, жылжымайтын көліктің техникалық құжаты сұралады. Кейін әкімдік қызметкерлері тіркеп, бәрін онлайн жүйеге енгізеді. «Азаматтарға арналған үкімет» МК»КЕ АҚ АОФ мамандары құжаттарды сәйкестендіріп, тексереді. Осы құжат негізінде бағалаушылар жіберіледі. Бүгінде 1747 өтініш тіркелді, - деді Ақтөбе облыстық цифрлық технологиялар басқармасы бөлімінің басшысы Заманбек Жақсылық.
Айта кетейік, мұнда су тасқыны кезінде тараған түрлі ақпараттың рас-өтірігін білу үшін де қоңырау шалған адамдар болды. Ахуалдық орталық жетекшісі Ерлан Мұқан «қорымды су басты», «ауыз су ластанды» деген ақпаратты жоққа шығарды.