«Бүгінде авиакомпания бақылау камераларының жазбаларын пайдалана отырып, жүкті іздестіруде. Біз гитараны табу үшін бар күшімізді саламыз», - деп хабарлады Air Astana өкілі агенттік тілшісіне.
Айта кетсек, музыкалық аспаптың жоғалғаны туралы Ерлан Көкеев әлеуметтік желіде хабарлады.
Оның айтуынша, Өскеменде ұшаққа мінер алдында жүк тапсырған, алайда, Алматыға қонғанда гитарасын таппаған.
Музыканттың айтуынша, мұндай оқиға бірінші рет болып жатқан жоқ және барлық жағдай Air Astana әуе компаниясына қатысты.
Сондай-ақ, ұлттық авиакомпанияға Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың да шағымы бар. Халық қалаулысының мәлімдеуінше, «Алматы-Астана» әуе рейсі кестеден жеті сағат бұрын ұшып кеткен және алдын ала ескерту жасалмаған. Енді Мәжіліс депутаты сотқа жүгінбек.
«Дау шығаруға себеп – жолаушыларды құрметтесін! Материалдық төлем өтеуді көздемеймін, моральдық тұрғыдан монополист болуына байланысты оларға сенуге мәжбүр болған әрқайсымыз үшін жауап беруі керек. Олар жолаушыларға деген көзқарасты өзгертуі керек. Біз олар үшін шығын материалы емеспіз», - деді И. Смирнова Kazinform тілшісіне.