АИТВ дертіне шалдыққандар қалай өмір сүріп жатыр

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

АСТАНА. KAZINFORM – Қоғамда диагнозын жасырып, үреймен өмір сүріп жатқан жандар бар. Көзге көрінбейтін тағдырлар – АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың шындығы. Kazinform тілшісі мәселенің астарына үңілді.

АИТВ қалай жұғады?

АИТВ-инфекциясының таралу жолын нақты білу — қоғамдағы қате түсініктерді жоюдың ең тиімді жолы. Мамандардың айтуынша, вирус тек үш жағдайда ғана жұғады: қан арқылы, жыныстық қатынас кезінде және анадан балаға — жүктілік, босану немесе емізу барысында. Ал күнделікті тұрмыста — түшкіру, жөтелу, ортақ ванна, дәретхана, сүлгі не төсек-орын пайдалану арқылы жұқпайды. Алайда дәл осы қарапайым шындық көп жағдайда ескерілмей, негізсіз қорқыныш пен жаңсақ пікірлерге жол беріп келеді.

Салдарынан АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты орынсыз күмән қалыптасады. Шын мәнінде, олар күнделікті ортада өзгелерге еш қауіп төндірмейді. Мектеп оқушысы да, студент те айналасындағылар үшін жұқтыру қаупін туғызбайды. Сондықтан олардың білім алуға, қоғам өміріне белсенді араласуға толық құқығы бар.

Фото: Астана әкімдігі

АИТВ мәртебесі ескерілетін жалғыз сала — медицина. Мұнда да басты мақсат — шектеу қою емес, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, яғни инвазиялық араласуларға қатысы бар мамандар басқа жұмысқа ауыстырылуы мүмкін. Бұл — кәсіби қауіпсіздік талаптарын сақтау тетігі.

10 жыл белгі бермеуі мүмкін

Дерттің тағы бір күрделі тұсы — оның ұзақ уақыт бойы белгісіз өтуі. Мамандардың сөзінше, бастапқы кезеңде адам өзін толық сау сезінеді, ешқандай белгі байқалмайды. Бұл кезең кейде 10 жылға дейін созылуы мүмкін.

Кейін клиникалық кезең басталып, тері мен шырышты қабаттардың зақымдануы байқалады. Егер дер кезінде ем қабылданбаса, дерт асқына түседі.

Статистика нені көрсетеді?

АИТВ бойынша елдегі нақты жағдайды түсіну үшін ресми деректерге назар аудару маңызды.

Инфографика: Kazinform

Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының мәліметінше, Қазақстанда АИТВ-мен өмір сүретін шамамен 37 мың адам тіркелген. Олардың ішінде 61,7%-ы ерлер болса, 38,3%-ы — әйелдер.

— Қазір елде дертке шалдыққандардың саны шамамен 37 мыңға жуық. Соңғы жылдары тестілеу кеңейгенімен, жаңа жағдайлар көрсеткіші тұрақталып келеді, — дейді орталықтың эпидемиологиялық мониторинг бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты инфекционист Гүлжахан Ахметова.

Дегенмен мамандар ресми статистика жағдайдың толық көрінісі еместігін айтады. Себебі тест тапсырмаған, өз сырқатын білмейтін адамдар да бар. Бұл эпидемиологиялық бағалауда нақты санның одан да жоғары болуы мүмкін екенін білдіреді.

Жалпы алғанда, Қазақстандағы көрсеткіш әлемдік деңгеймен салыстырғанда төмен. Елде таралу деңгейі шамамен 0,2% болса, әлемдік орташа көрсеткіш 0,5%-ға дейін жетеді. Соған қарамастан өңірлер арасында айырмашылық сақталған: ең жоғары көрсеткіш Шығыс Қазақстан облысында — 0,97%, ал ең төмен деңгей Қызылорда облысында — 0,06%.

Жаңа үрдістер

АИТВ — үкім емес. Заманауи медицина оның ағзадағы дамуын тежеп, өмір сапасын сақтауға жол ашып отыр.

— Диагноз қойылған сәттен бастап ем тағайындалады. Терапия вирусты толық жоймайды, бірақ оның көбеюін тежейді. Біз емді барлығына бірден бастаймыз. Егер вирустың көбеюін бәсеңдетсек, қандағы мөлшер төмендейді. «Н=Н» деген ұғым бар, яғни анықталмайтын = жұқпайтын. Терапияны тұрақты қабылдап, осы деңгейге жеткен адам вирусты басқаға жұқтырмайды, — деді Гүлжахан Ахметова.

Фото: Гүлжахан Ахметованың жеке мұрағатынан

Антиретровирустық терапия (АРТ) Қазақстанда тегін ұсынылады және пациенттердің басым бөлігі оны тұрақты түрде қабылдайды. Бұл ем өмір сүру ұзақтығын арттырып қана қоймай, вирустың таралу қаупін де айтарлықтай төмендетеді. Еммен қатар профилактикалық шаралардың да маңызы артып отыр. Елімізде PrEP бағдарламасы енгізілген. Ол инфекция жұқтыру қаупі жоғары, бірақ вирус жұқтырмаған адамдарға арналған тиімді алдын алу тәсілі болып саналады.

Бұған қоса соңғы жылдары АИТВ-инфекциясы бойынша бірқатар тұрақты үрдіс байқалады.

— Атап айтқанда, 30 жасқа дейінгі жастар арасында жаңа жағдайлар азайып келеді. Инъекциялық есірткі қолдану арқылы жұғу үлесі де төмендеген. Сонымен бірге АИТВ-мен өмір сүретін адамдар арасындағы өлім-жітім сиреді. Қазіргі таңда негізгі берілу жолы — жыныстық қатынас. Ал жаңа жағдайлардың ішінде егде жастағы адамдардың үлесі артып отыр. Бұл профилактикалық жұмысты одан әрі күшейту қажеттігін көрсетеді, — дейді мамандар.

Заң мен жауапкершілік

Емдеу мен профилактикаға қоса АИТВ саласындағы тағы бір маңызды бағыт — құқықтық реттеу мен құпиялылық мәселесі. Бұл тұста басты қағида — пациент құқығын қорғау мен қоғам қауіпсіздігі арасындағы тепе-теңдік.

Диагноз қатаң құпия сақталады және тек науқастың өзіне хабарланады. Дәрігерлер мен психологтер толық кеңес беріп, емдеу және өмір сүру тәртібі бойынша жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізеді.

Фото: Kazinform/ DALL-E

— Егер пациент өз мәртебесін біле тұра өзгеге жұқтырса, заң алдында жауап береді, — дейді мамандар.

Осы талаптар ҚР Қылмыстық кодексінде де нақты бекітілген. Атап айтқанда, 118-бапқа сәйкес мұндай әрекеттер үшін айыппұл салудан бастап, бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.

Дерттен кейінгі өмір

АИТВ-ға көзқарас өзгеріп келе жатқанына қарамастан, бұл диагнозбен өмір сүретін адамдар үшін бастысы — күнделікті шындық пен өмірлік тәжірибе.

Айман (есімі өзгертілді — ред.) — соның айқын мысалы. Оның тағдыры АИТВ адамның өмірін шектемейтінін, керісінше жаңа бағытқа жол ашуы мүмкін екенін көрсетеді. Бүгінде ол әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеп, өз басынан өткен тәжірибесін өзгелерге қолдау көрсетуге арнап жүр.

— Диагнозды мобильді зертханада білдім. Бірақ ол мені сындырған жоқ. Керісінше, өмірімді қайта қарауға мүмкіндік берді. Есірткіні тастап, өзімді қолға алдым, — дейді ол.

Фото: pixabay.com

Алғашқы кезеңде ақпараттың аздығы  қорқынышты күшейткен.

— Бала сүйе алмаймын деп ойладым. Денсаулығыма қатысты басқа да мәселелер болды. Бірақ уақыт өте келе бәрі өзгерді. Қазір отбасым бар, жолдасыммен бірге жұмыс істейміз, — дейді кейіпкер.

Бүгінде Айман өз өмірін өзгелерден өзгеше деп қарамайды.

— Мен жай ғана созылмалы дертпен өмір сүріп жүрмін. Өзімді шектемеймін, — дейді Айман.

Оның айтуынша, ең қиын кезең — диагнозды қабылдау процесі. Көп адам ұзақ уақыт бойы қорқынышпен өмір сүреді, ал бұл ішкі күйзеліске әкеледі.

Стигма — басты кедергі

Сондықтан бұл тақырыпта психологиялық қолдаудың рөлі ерекше.

Фото: Жадыра Сабированың жеке мұрағатынан

— Алғашқы кезеңде адамға эмоционалдық қолдау қатты қажет. Жақындары мен мамандардың түсінігі диагнозды қабылдауға көмектеседі, — дейді Qazaq Expert Club жанындағы психология саласының сарапшысы Жадыра Сабирова.

Осы бағытта «Қазақстанның АИТВ-мен өмір сүретін адамдар одағы» қоғамдық қоры да кешенді жұмыс жүргізіп келеді. Ұйымның мақсаты — тек ақпарат тарату емес, сонымен бірге қоғамдағы теріс көзқарасты азайтуға ықпал ету.

Фото: Нұрәлі Аманжоловтың жеке мұрағатынан

— Стигма — әлі де негізгі кедергілердің бірі. Көпшілік кемсітушіліктен қорқып, тестілеуден өтуден немесе мәртебесін ашық айтудан тартынады. Ал ғылыми деректерге сай, вирустық жүктемесі анықталмайтын адам вирусты жұқтырмайды. Бұған қоса халықтың бір бөлігінде тұрмыстық жолмен жұғу туралы қате түсініктер әлі де бар. «Белгілі бір топ» туралы стереотиптер сақталған. АИТВ көбіне әлі де маргинал топтармен (есірткі тұтынушылар, жезөкшелер, ерлермен жыныстық қатынасқа түсетін ерлер) байланыстырылады, — дейді қор президенті Нұрәлі Аманжолов.

Мамандардың айтуынша, стигманы азайту тек медициналық ақпаратпен шектелмейді. Ол ұзақ мерзімді, қоғамдық шаралармен үйлесім табуы керек.