Ақ Азиаданың алау құтысында қазақтың ұлттық сана-сезімінің негізінде жатқан санқилы элементтер біріктірілген

АНА. 5 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бұйырса Қазақстан өз тарихында Қысқы Азия ойындарын тұңғыш мәрте қабылдағалы отыр. Бұған дейін Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея елдерінде ұйымдастырылып келген бұл спорттық шараны елімізде өткізу құқығына ие болуымызды Қазақстаннның тәуелсіздік жылдарында өмірдің сан саласында, соның ішінде спортта да қол жеткізген жетістіктерінің мойындалуы деп білгеніміз жөн.

Сондықтан 2011 жылдың 30 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында Астана мен Алматы өтетін 7-нші Азия ойындарын аса жоғары деңгейде ұйымдастыру мемлекетіміз үшін - абыройлы міндет, зор жауапкершілік. Жалпы, Азиадағадайындыққа және оны өткізуге республикалық бюджеттен 305 млрд. теңге бөлінді. Қазақстан Ақ Азиаданың аманатын арқалаған кезең бүкіл әлемді шарпыған қаржылық дағдарысқа дөп келгендігіне қарамастан, дұрыс жүргізілген экономикалық саясаттың арқасында ойындарды ұйымдастыруға да, өткізуге де қазынадан қомақты қаржы табылып отыр. Десек те бұндай ауқымды әрі маңызды спорттық шараның лайықты деңгейде өткізілуі тек бөлінген қаржының көлеміне ғана емес, дайындық жұмыстарының жүйелілігіне әрі тыңғылықтылығына да тікелей байланысты. Бүгінде елімізде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов басқаратын 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитеті, өңірлік деңгейдегі штабтар құрылып, жұмыс жасап жатыр. Осы тұста айта кетерлігі, Қысқы Азия ойындарының тарихында тұңғыш рет Алау эстафетасы ұйымдастырылғалы отыр. Елімізде бұл іске жауапты органдар ретінде Астана мен Алматы қалаларында 2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындары Алау эстафетасының дирекциялары құрылды.

Астанадағы дирекция Азиадаға 100 күн қалғанда елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында 7-нші Қысқы Азия ойындары Алау эстафетасының факелі (алау құтысы), медальдары мен гүл шоғының таныстырылымын өткізді. Азиадаға 100 күн қалғанда оның ажырамас атрибуттарын көпшілікке таныстыру, ойындарға дайындық барысы мен атқарылған жұмыстарды паш ету - олимпиада ойындарының дәстүрі болып табылады. Ұйымдастырушылар «Қазақ жерінде өтетін Азиада бұған дейінгі ойындарға мүлдем ұқсамайтын болады» деп сендіруде. Азиаданың ерекше болуы ойын атрибуттарының бірегейлігіне де тығыз байланысты. Сондықтан олардың дизайны қазақстандықтардың да көңілінен шығуы үшін, бұған қоса мін тақпаса да, сын айтуға бейім шетелдіктерге қазіргі заманғы технологиялық жетістіктерімізді паш ету мақсатында жұмыс тобы үлкен жұмыстар атқарды. Сол топтың жұмыс атмосферасымен тыныстап, процесстердің ілгерілеу сәтіне терең үңілу үшін VІІ Қысқы Азия ойындары атрибуттарының әзірленуі мен олардың құрылымын егжей-тегжейлі баяндап беруді жөн көріп отырмыз. Бүгін Алау эстафетасының алау құтысы (факел), тасымалданбалы оттық (колба) пен жылжымалы кіші қазандық туралы, келесі жолы медальдар мен Азиада жеңімпаздарына тарту етілетін гүлшоқтары жайында айтатын боламыз. Ол үшін біз 2011 жылғы 7-нші Қысқы Азия ойындарын және Алау эстафетасын өткізу бойынша Астана қаласында құрылған дирекция басшысының орынбасары Сәрсен Құранбекті әңгімеге тартқан едік.

Алау эстафетасының алау құтысы жайлы

Қазақстандық факел Қысқы Азия ойындары тарихында әзірленген алғашқы факел болғандығына қарамастан, оның 2 мың жылдық тарихы бар. Олай дейтін себебіміз, 7-нші Қысқы Азия ойындарының алау құтысы қазақ халқының ұлттық сана-сезімінің негізінде жатқан көптеген элементтерді біріктірді. Ол бүтін Ұлы дала кеңістігіне түсінікті көптеген белгілердің тізбегінен құралған. Қазақ жерінің қолайлы табиғи-климаттық жағдайы бұл жерде мыңдаған жылдар бойы адамның өмір сүруіне маңызды фактор болды. Осында бірегей археологиялық ескерткіштер де табылды. Солардың бірі Алматы маңында табылған, біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-І ғ. жататын сақтардың қоладан құйылған жарықтандырғыш құралдары. Өрнектелген конус пішінді тұғырға отырғызылған таба, оның үстінде шерулетіп жүрген фантастикалық қанатты жануарлар - өнердің тамаша үлгісі болып табылады. Негізінен жануарлар үлгісі - еуразиялық көшпенділерді айшықтайтын ерекшелік. Қола жарықтандырғыштар - күнге табынушылықпен байланысты сақ ғибадатханаларының жоралғылық бұйымы. 7-нші Қысқы Азия ойындары Алау эстафетасы факелының дизайнының негізіне нақ осы жарықтандырғыш құрал алынды.

Алау құтының жоғарғы жағына айналдыра атам заманнан от пен жарықтың сақтаушысы және даналықтың белгісі болып табылатын, сондай-ақ Азиада символы ретінде таңдап алынған - қанатты барыстардың мүсіндері орналастырылған.

Кейін тарихшылар мен дизайнерлердің ойлары факелді жасап шығарушы инженерлердің ұсыныстарымен толыға түсті. Ол олимпиадалық ойындардың атрибуттарын әзірлеумен айналысатын қытайлық компанияда әзірленді. Негізі әлемде мұндай атрибуттарды жасайтын төрт компания бар. Олардың екеуі Италия мен АҚШ-та, қалған екеуі Қытайда. Түрлі-түсті металлдан құйылған алау құтысының жалпы ұзындығы - 65-66 сантиметр. Оның сырты күміс және алтын түсті бояулармен көмкерілген. Алау құтысының сыртқы келбеті көнеліктің рухын сіңірген болса, факелдің іші заманауи технологиялық құрылымдардан тұрады. Факел қақ ортасынан бұрап ашылып, оның жоғарғы жағына шағын, бірақ жану ұзақтығы 1 сағатқа дейін жететін газ баллоны бекітіледі. Газ түтік арқылы пілтеге беріледі. Жалпы алып қарағанда факелдің ішкі техникалық құрылымы 2008 жылғы Бейжің олимпиадасының факеліне ұқсас. Бір ерекшелігі қытайлық факелдің салмағы аз болды - 985 грамм.

«Алау құтымыздың алғашқы нұсқасында оның салмағы екі келіден асып кетті. Оны кейін 1,850 граммға түсірдік. Соңғы нұсқасы қолымызға жеткенде факелдің салмағын барынша азайту мақсатында газ баллонының ұзындығын қысқартуды ұйғардық. Сөйтіп, алау құтының жалпы салмағы - 1,700 грамм болды. Бастапқы жоспар бойынша ол 1,350 грамм тартуы керек еді. Металлдардың қоспасынан жасалғандықтан межеден сәл асып кетті, не дегенмен, суыққа да ыстыққа да металлдан төзімдісі жоқ қой. Бейжің факелінің салмағы неліктен аз болды? Оның жоғарғы бөлігі металлдан құйылса, төменгі жағы пластмасса болды. Бірақ біздің ойындар қыста өтіп жатқанын ескеруіміз керек, пластмасса факел бөгде затқа соғылып сынуы мүмкін. Әрине, факелдің дизайны мен техникалық құрылымын ойластыру барысында сан ойланып, мың толғанған кездеріміз көп болды. Солардың тағы бірі - алғашқыда факелдің жоғарғы жағындағы қанатты барыстарымыз теріс бағытта айналып жүрді. Оны кейін түзедік. Одан Азиада логотипі жұмыр факелге түскенде өзінің ерекшелігін жоғалтты», - дейді С.Құранбек.

Оның айтуынша, қазақстандық факел салмағы жағынан ұтпаса да, табиғаттың түрлі тосын мінезіне төтеп беру жағынан басқаларына дес бермейді. Дирекция өкілінің сөзіне сенсек, Азиада алауының үздіксіз жануына 40 градусты аяздар, нөсерлі жаңбырлар мен күшті желдер де кедергі болмайды. Еске салайық, Тибеттің тәуелсіздігін жақтаушылар ұйымдастырған тәртіпсіздіктерге байланысты 2008 жылы Бейжің олимпиадасының алау құтысын бірнеше рет өшіруге тура келгенін есепке алмағанда, табиғи жағдайларға байланысты ол Австралияның Канберра қаласында бірнеше рет сөнген болатын. Факел академиялық есу бойынша австралиялық чемпион Меган Маркстың қолында өшкенде, спортшы қыз факелге ие бола алмады деп саналды. Бірақ кейін, Достастық саябағында өткен эстафетаның соңғы сәтінде Олимпиада қазандығын жағу құрметіне ие болған австралиялық жүзуші Ян Торп оны тағы екі рет сөндіріп алды.

Сыртқы факторларға ең төзімді факел болып - алаугермен бірге үш минутқа дейін су астында болған 2000 жылғы Сидней олимпиадасының алауы саналады.

Жалпы 7-нші Қысқы Азия ойындары Алау эстафетасы үшін барлығы 100 факел әзірленді. Оның әрқайсысының бағасы 1 мың АҚШ долларына жуық. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өкінішке қарай, әрбір алаугерге бір-бір факелден естелікке қалдыру мүмкін болмайды. Тек эстафета өтетін әр өңірге бір данадан қалдырылады. Қалғандары Азия Олимпиадалық кеңесінің мүшелері мен басқа да құрметті қонақтарға сыйға тартылатын болады.

Бүгін де Қытайдан жеке-жеке бөлшектеліп жеткізілген факелдер толығымен жиналып бітті. Әр факелдің төменгі жағында өзінің реттік нөмірі бар. Қазір алау құтылары Алматы маңында сынақтардан өтіп жатыр. Ұйымдастырушылар бұл сынақтар барысында бірнеше факел жарамсыз болып шығуы мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Ал алдағы 17-18 қараша күндері Астана қалалық дирекция облыс әкімдерінің басқаруымен құрылған штабтардың мүшелерін елордада жинап, сынамалық, әрі көрсетілім эстафетасын өткізуді көздеп отыр.

Тасымалданбалы оттық

Факелді эстафета басталар алдында тұтату үшін, сондай-ақ бір газ баллонының жану уақыты бітіп оны басқасына ауыстырып, қайта тұтату қажет болғанда жағдайда және жаман айтпай жақсы жоқ, алауымыз түрлі себептермен өшіп қалған жағдайда оны дереу қайта тұтату үшін тасымалданбалы оттық әзірленді. Тұтқасын есептемегенде, биіктігі 33-35 см. болатын колбаның төменгі жағына жану күші 5 сағатқа дейін жететін спирт құйылады да, ол пілте арқылы тұтандырылады. Сөйтіп, ол эстафета аяқталғанға дейін алаулап тұрады.

Жылжымалы кіші қазандық

Әр эстафета соңында өңірлерде кіші қазандықтар жағылып отырады. Колба мен қазандықтар жоғарыда аталған қытайлық компанияда жасалды. Колбаның 5 данасы бүгінде елге жеткізілсе, қазандықтар (барлығы - 2) әзірлену үстінде. Оның салмағы 60-65 келі шамасында, биіктігі 60 см, жоғарғы жағының диаметрі (аузы) 90 см. Осы жерде бірден айта кетейік, 30 қаңтар күні Астанада VІІ Қысқы Азия ойындардың ашылу салтанаты кезінде жағылатын басты қазандықты ашылу рәсімімен тікелей айналысып жатқан"STSC Management Services Pte. Ltd." компаниясыәзірлеуде. Оның дизайны мен жасап жатқан компанияның атауы әлі күнге үлкен құпияда сақталып отыр. Және бұл құпиялылық соңғы сәттерге дейін сақталатын түрі бар.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 7-нші Қысқы Азия ойындары Алау эстафетасының факелі 11 қаңтар күні Азия Олимпиадалық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан Әл-Куәйт қаласында тұтандырылып, Ойындарды ұйымдастырушы Қазақстанның өкілдерінің біріне тапсырылады. 12 қаңтар күні Алау ұшақпен Алматы қаласына жеткізіледі. Осыдан бастап оның Қазақстанның өңірлері бойынша саяхаты басталады. Алматыда кейін алау құтысы Тараз (13 қаңтар), Шымкент (14 қаңтар), Қызылорда (15 қаңтар), Ақтау (16 қаңтар), Атырау (17 қаңтар), Орал (18 қаңтар), Ақтөбе (19 қаңтар), Қостанай (20 қаңтар), Петропавл (21 қаңтар), Көкшетау (22-23 қаңтар), Павлодар (24 қаңтар), Өскемен (25-26 қаңтар), Талдықорған (27 қаңтар), Қарағандыға (28-29 қаңтар) және Азиада салтанатты ашылатын күні Астанаға (30) жеткізіледі.

Жоспар бойынша барлық облыстарда эстафета түскі сағат 12.00-де басталып, 13.30-да техникалық үзіліске тоқтатылады. Осы кезде қазандықтардың бірі жағылып, жергілікті халыққа суретке түсуге мүмкіндік беріледі. Ол үшін тұғырға орнатылған қазандықтың артқы жағына Ақ Азиаданың эмблемасы мен жазулары бар стенд орнатылады. Сағат 15.00-де қайта басталатын эстафета 17.00-де өз мәресіне жетіп, екінші қазандық жағылады. Бұл тарихи сәттерді одан сайын әсерлі және есте қаларлықтай ету үшін отандық эстрада жұлдыздардың қатысуымен үлкен гала-концерт ұйымдастырылады.

С. Құранбектің мәліметінше, 100 алаугердің қатысуымен Астана қаласында өтетін ең ұзақ эстафета (20 шақырым) үш кезеңнен тұрады. Мәселен, «Қазақ елі» монументінен 12.00-де бастау алған эстафета елорданың орталық көшелерімен жүре отырып, сағат 13.30-де Мемлекеттік рәміздер алаңына келіп тоқтайды. Техникалық үзілістен кейін 15 сағат 30 минутта Астана қаласы әкімдігінің алдындағы алаңнан Алау эстафетасының екінші кезеңі басталады. Алаугерлер Абай, Республика даңғылдарымен жүгіре отырып, Есіл өзеніне қарай түседі. Дирекция өкілінің айтуынша, осы кезде креативтік шоу қойылымдар ұйымдастыру көзделіп отыр. «Алаугерлер Есілдің үстімен шаңғымен, не болмаса авто раллимен өтуі мүмкін, тіпті «морждарды» суға түсіреміз бе деген ойлар бар», - дейді ол.

Осылайша, қолдан жасалған қиындықтар мен кедергілерді еңсере отырып алаугерлер мен ілесуші топ сағат 17.00-де «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық кешеніне келеді. Осында эстафетаның екінші кезеңі тәмамдалады. Ұйымдастырушылар осы кешеннен қайта басталып, «Астана-Арена» стадионына дейінгі эстафетаның үшінші кезеңінің бағытын алаугерлердің қауіпсіздігі мақсатында қатаң құпияда ұстап отыр.

Эстафетаның үшінші кезеңі барысында, яғни сағат 18.00-де «Астана-Аране» стадионында 7-нші Қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты басталады. Шара бағдарламасы алдын-ала есептеулер бойынша сағат 20.40-қа дейін жалғасуы тиіс. Дәл осы уақытта эстафетаның үшінші кезеңін аяқтайтын алаугер стадионға жетіп, Қазақстандағы Ақ Азиаданың басты қазандығын жағуы тиіс. Басты қазандықты жағу құрметі кімге сеніп тапсырылатындығы да - үлкен құпия!