ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл «Ақ бұлақ» бағдарламасына сәйкес 1054,2 млн. теңгеге тоғыз ауылға жалпы ұзындығы 130 шақырым ауыз су құбыры тартылмақ.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметтерге қарағанда, Ақжайық ауданының Жанама, Жаңабұлақ, Ақжол, Қаратөбенің Қаратөбе, Сырымның Талдыбұлақ, Бөкей ордасының Бисен, Зеленовтың Қаражар елдімекендеріне су жеткізілмек. Ал Сырым мен Теректі ауданының орталықтары Жымпиты мен Федоров ауылдарындағы ауыз су нысаны құрылысы биыл басталып, алдағы жылы аяқталмақ.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы бұл мақсатқа 967,118 млн. теңге бөлініп, жеті ауыз су нысаны іске қосылған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).