Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «Гемобластозбен ауыратын мүгедектер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Любовь Мизинова мәлімдеді.
Оның айтуынша, миелолейкоз сырқатымен (ақ қан аруы) ауыратындар үшін аса қажетті "Тасигна" дәрмегі, қазіргі уақытта тек 14 адамға ғана берілген. Ал өмірлік маңызы жоғары бұл дәріге әлі 45 адам мұқтаж.
Л.Мизинованың сөзіне қарағанда, миелолейкозды емдеуде қолданылатын екінші - Нилотиниб дәрмегі (Тасигна) 2011 жылы енгізілген. "Оны естігенде Үкімет пен Денсаулық министрлігіне алғысымыз шексіз болған еді. Өйткені, бұл өмірлік маңызы бар препарат ақ қан ауруымен сырқаттанған адамдардың ұзақ өмір сүруіне ықпал етіп қана қоймай, толыққанды адам ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Бірақ, бұл қуанышымыз ұзаққа созылмады. Екі жыл бойы 45 адам үлкен үмітпен бұл дәріні күтті. Ауыр жағдайда жатқандығы туралы және кезек күттірмейтін көмек керек екендігі жайындағы құжаттардың барлығы тапсырылды. Бірақ, қалалық және облыстық Денсаулық басқармасының шенеуніктері Тасигна препаратына мұқтаж адамдарды тізімнен сызып тастады. Нәтижесінде тек, «СҚ-Фармация» 14 адамға ғана бұл дәріні сатып алды. Бұл жағдайға олардың жауабы біреу: "Қаражат жоқ, барлығын дәрімен қамтамасыз ете алмаймыз", дейді. Ендеше олар неге Иматиниб (Иммутин) препаратын төлнұсқасы бағасымен сатып алады? Ол бірнеше есеге арзан тұруы керек емес пе? ", -дейді Любовь Мизинова.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Алматы, Астана қаласында және басқа да аймақтардың гематологиялық бөлімінде миелолейкозбен сырқаттанатын 600-ден астам адам есепте тұр.
"Оның 100-і 2011 жылдан бері Иматиниб (Иммутин) дәрісін қабылдап келеді, ал, 150-і GIPAP халықаралық бағдарламасы бойынша Иматиниб (Гливек) препаратын қабылдауда. Қалған 350-і «Гидрия» деген өте әлсіз дәріні әлі күнге дейін қабылдауда. Ол дәрі сырқаттың жағдайын уақытша ғана жақсартады және емделушінің жасын 2-4 жылға ғана ұзартады. Әлемдік тәжірибеде бұл дәріні тек алғашқы 2-3 айда ғана қолданады, ал одан кейін Иматиниб, яғни Гливекпен емдейді. Ал, бұл дәрі ақ қан ауруына шалдыққандардың жасын 10-15 жылға дейін ұзартады. Қазіргі уақытта Гливек дәрісіне мұқтаж 300 адам тіркеуде тұр", -дейді Л. Мизинова.