Ақ жаулықты әжеден қалыңдыққа дейін: СҚО тұрғыны ерекше қуыршақтар жасайды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Элитное елді мекенінің тұрғыны Мұңсыз Садық құрақ көрпе тігіп, кестелеп қана қоймай, қазақ әйелдерінің әр кезеңдегі өмір салтын бейнелейтін шағын қуыршақтар жасап жүр.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Мұңсыз Садықтың негізгі мамандығы физика-математика пәнінің мұғалімі. Қазір ол Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде педагог болып еңбек етеді. Алайда бала күнінен көріп өскен ұлттық қолөнер оның жанына жақын. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

- Ауылда туғандықтан киіз басуды, құрақ көрпе және кесте тігуді көріп өстім. Мұның бәрі маған ата-анамнан, ата-әжемнен дарыған өнер. Қазір сол мұраны қайта жаңғыртып жүрмін.

Пандемия кезінде үйде отырып қалдық. Сол кезде қолыма ине-жіп алып, құрақ көрпе тігуді бастадым. Бүгінде ою да оямын. Көрпенің кестеленген түрін тігемін, этникалық суреттермен аппликациялап, құрақпен жасаймын, сосын көрпені толығымен оюлы қыламын, - дейді шебер. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Қолөнершінің айтуынша, бұрын мата қат болғандықтан киілмейтін киім, баланың кішірейіп қалған күрте-көйлегі құраққа қолданылған. 

- Ши құрақ деген бар. Кішкентай мата кесінділері қолданылады. Ши құрақтың да бірнеше түрі бар, мысалы, «құдық», «баспалдақ», «тырна құрақ» - құрақтың түрлері өте көп, - дейді Мұңсыз Садық.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Шебердің ерекше туындыларының бірі – ұлттық киім киген қуыршақтар топтамасы. Әр қуыршақтың өзіндік мән-мағынасы бар. Мәселен, кішкентай қыз балалардың бейнесіндегі қуыршақтарға ақ көйлек пен топы кигізілсе, шатары екі бұрым етіп өрілген. Ал қалыңдық бейнесіндегі қуыршақтарда қамзол мен дәстүрлі әшекейлер қолданылған. Шебердің айтуынша, қазақ қоғамында әйел адамның әр жасына сай киім үлгісі мен тәрбиелік мәні болған.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

- Бізде қыз баланың жүріс-тұрысына, шаш өруіне дейін мән берген. Бойын тік ұстасын деп шолпы таққан, таза жүруі үшін ақ көйлек кигізген. Қуыршақтар арқылы соны көрсеткім келді. Бұл тек ойыншық емес, тұтас бір мәдениеттің айнасы іспеттес. Мысалы, бас киімге, бесікке үкі неге тағылған? Үкінің қасиеті өте мол екен, өйткені ол бөлетін химиялық затқа жылан жоламайды, - дейді қолөнерші. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Мұңсыздың үйіндегі тағы бір ерекше дүние – киіз үй. Он жыл бұрын арнайы сатып алып, енді жаз шықса құруды әдетке айналдырған. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

- Киіз үйдегі бұйымдарды жылдар бойы жинадым. Ал мына кішкентай сандықша әке-шешемнің көзі. Әкем қолынан біраз нәрсе келетін шебер болды. Етік те тігетін, ертоқым да жасайтын. Анам іс тіккенде ине-жібі, түймелері жүйелі тұрсын деп арнайы жасап берген.

Кейін сыртын ағам реставрациядан өткізіп, маған берді. 

Арманым – өзім қатарлы әйелдердің басын қосып, қолөнерді жаңғырту, жастарға үйрету. Қазақтың ұлттық өнері ұмытылмай, кейінгі буынға жетуі тиіс, - дейді Мұңсыз Садық. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Бұған дейін СҚО-да жазасын өтеушілер ұлттық қолөнерді меңгеріп, ат әбзелдерін жасап жатқанын жазған едік

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform