ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қаласындағы Жастар мәдениет үйінде «Біз мәңгілік ел боламыз!» атты патриоттық әндердің аймақтық байқауы мәреге жетті.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен полиция қызметкерлерінің оң бейнесін қалыптастырып, моральдық-рухани деңгейін арттыру, өнерлерін ұштау мақсатында ұйымдастырылған сайысқа Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан барлығы 35 тәртіп сақшысы қатысып, бақ сынады. Полиция қызметкерлері ән айтып, би билеп, терме орындап, ансамбльмен де сахнаны көркемдеді.
Екі кезеңнен тұратын байқау қорытындысында жеңімпаз-жүлдегерлер анықталып, олардың қатысуымен Жастар мәдениет үйінде гала-концерт қойылды. Сайыста озып шыққандарды ҚР ІІМ Кадр жұмысы департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Құрымбаев құттықтап, грамота, естелік сыйлықтарын табыс етті.
Жеңімпаздар республикалық байқауға жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).