Кездесуде тараптар мемлкет пен қоғам алдында тұрған өзекті мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын талқылады. «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің айтуынша, партия өкілдері сайлау алдында кездесуге қатысып отырған қоғамдық ұйымдарға ұлт мүддесіне қатысты мәселелерді көтереміз деп уәде берген.
«Біз Мәжіліс депутаттығына өттік. «Ақ жол» партиясы Мәжілістен өзінің фракциясын құрды. Енді берілген уәдені орындайтын уақыт жетті. Бүгін біз тап осы мақсатпен бас қосып отырмыз. Жалпы біздің сайлауалды тұғырнамамызда ұлт мүддесімен ұштасып жатқан мәселелер көп. Олардың арасында экономикалық та, тіл мәселесі де бар. Олардың барлығы да қазір қоғам арасында қызу талқылануда. Біздің қазіргі мақсатымыз - осы елдің азаматы ретінде өзіміз көтеріп отырған проблемаларды шешу ісіне үлесімізді қосу. Бос сөзден нақты іске көшетін уақыт жетті»,-деді партия төрағасы.
Қоғамдық ұйымдардың өкілдері бүгінгі таңда елімізде орын алып отырған көкейкесті мәселелерге орай өзара пікір алмасты. Оларды шешуге қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды.