А.Черекаев 1932 жылы 29 наурызда Жаңақала ауданы 18-ауылдық кеңесінің құрамына кіретін Мәстексай ауылында дүниеге келеді. Алексей Васильевичтің естелік кітабында («Вдоль Урала берегов», Москва, 2005) өзінің дүние есігін ашқан ауылы туралы «Қазан төңкерісіне дейін ол Орал казак войскасының Глининская станицасы аталыпты» - деп жазады. Бұл ауыл Орал өңірінің жартылай шөлейт бөлігінде, Орал қаласының оңтүстік-батысында шалғайда жатыр. Әу баста станица тұруға, шаруа жүргізуге өте қолайлы жерден таңдалса керек. Ол Қамыс-Самар көлдерінің бойында орналасқан. Малға да, жанға да жайлы болып келетін оның бойына Черекаевтың ата-бабасы өте ертеде қоныс аударып келіп, жайғасып, бауыр басып тұрып қалған. Бұл аймақ төрт түлік мал өсіруге өте ыңғайлылығы өз алдына, аң-құсқа, балыққа өте бай мекен екен. Бау-бақша өсіретіндерге де еңбектерін еселеп қайтаратын топырағы да құнарлы болса керек.
Алексей Васильевичтің әкесі Василий Николаевич Черекаев есімі Орал өңіріне кеңінен мәлім, ерекше адам болған. Оны әсіресе, облыстың оңтүстік аудандарының халқы жақсы білген. Бар-жоғы төрт класс (шіркеу-приходтық мектепті бітірген) білімі бола тұрса да, өз бетімен көп оқыған, сауатты жан болыпты. Жазуы маржандай тізіліп түсетін ол қазақ тілін өте жетік білген. Арабша да жазып, оқи береді.
Алексей Черекаев бірінші класты 1941 жылдың майында Жаңақазан ауылында бітіреді. Сол жылы соғыс басталғаны белгілі. Алексей Васильевич балалық шағын еске алғанда 1941 жылдан 1947 жылдар аралығындағы Қазталов кезеңін жиі әңгімелейтін. Балғын шағының бұл кезеңдері оның есінде ең бір қиын тұсы болып қалғанына қарамастан өзі ол жылдарын қызық та, алдағы өміріне шыңдап, шынықтырған, есею, ержету кезеңдері санайды. Сол бір қаһарлы, ауыр жылдар кейінгі өмірінде жеңіске, табысқа жету жолындағы жігері мен ерік күшін, темірдей төзімділігін шыңдаған екен ғой. Қазталовта жетіжылдық мектепті үздік бағамен аяқтаған ол оқуын әрі қарай жалғастыруды ойлайды. Алексейдің әкесі Қазталовта аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы болып қызмет атқарады. Ол кезде аудандық партия комитетінің хатшылары арнайы бронмен соғыстан қалдырылып отырған.
1947 жылы жазда Алексейдің әкесін жұмыс бабымен Чапаевқа ауыстырады. Қазталовтан жетіжылдық мектепті үздік бітіріп келген жеткіншек 1950 жылға дейін осында оқып, орта мектепті үздік тәмамдайды. Осы Чапаевта оқып жүргенде оқушы Алексейдің бойында спортқа деген құштарлық оянады. Ол кейін оның өмірлік серігіне айналып, егде тартқан шағында да спортпен айналысуын тастамаған. Оқушы кезінен басталған спортқа деген құштарлық оны Мәскеуде өткен студенттік жылдарында да талай даңққа бөлейді. Жеңіл атлетикадан спорт шебері атанып, кеңес елінің құрама командасына қабылданады.
Чапаев орта мектебін жақсы бағамен бітірген Алексей Черекаев қай оқуға түсемін деп көп бас қатырмайды. Өйткені оның алдында №103 Чапаев жылқы зауытының директоры Иван Васильевич Петрович шәкіртті жылқы маманы болуға, ол үшін Мәскеудің зоотехникалық жылқы институтына оқуға баруға үгіттеп, көндіріп қойған еді. Ол үшін жылқы зауытынан арнайы жолдама беруге уәде еткен. Сөйтіп, Алексей институттың барлық емтихандарынан сүрінбей өтіп, студент атанды. Осы институтта ол болашақ жары Ирина Грекованы (кейін Черекаева) жолықтырады. Ашық мінезді, сымбатты, қара шашы иығына төгілген, қызыл шырайлы, сұлу жүзінен үнемі ақылдылықтың лебі есіп тұратын дон казагінің қызы да кейінгі тағдырын Алексеймен байланыстыруға қарсы болмайды.
Институтты тәмамдағаннан кейін А.Черекаев өзінің туған жері Оралға оралады. Оның алғашқы еңбек жолы өзі оқуға аттанған Чапаев ауданындағы Чапаев ет совхозында басталды. Осында ол Есқайыр Ихласов басқаратын шаруашылықтың бас зоотехнигі болып қызметке кірісті. Директор жоғары білімі болмаса да, шаруашылық басқаруға жаратылған жандай еді. Ұйымдастырушылық қабілеті мен қарымы үнемі қайнап, кемерінен асып-төгіліп жататын басшы шаруашылықты бес саусағындай білді. Басқалардан да соны талап етті. Қолынан іс келетін кадрларды қиын учаскелерге салып, қайрап, шыңдап отырды. Сол кезде мұндай шаруашылық басшылары облыста саусақпен санарлық еді. Олар: Борисов, Селькин, Багдасарян, Өмірзақов, Мирманов облыстың мақтанышы болатын. Есімі осынау директорлардың қатарында құрметпен аталатын Е.Ихласов жас маман Алексейді құшақ жая қарсы алды.
Өзінің алғашқы директоры туралы Черекаев кейін: - Есқайыр Өтегенович менімен ылғи қазақ тілінде сөйлесетін. Мені бас зоотехниктік жұмысқа қабылдаған бұйрығына қол қойып жатып, «Есіңде болсын, сен енді мал шаруашылығының басты саласына жетекшілік етесің. Саған бәрі қарайды. Сенің жетістіктерің мен абыройың, болашағың өзіңнің қолыңда. Жоғары білімім бар деп мақтанып кетпе. Диплом білім алғаныңды көрсетеді. Бірақ ол білімді өндірісте қолдана білуің керек, онсыз дипломның құны түкке де тұрмайды. Тәжірибені сен осы жұмыстан жинайсың. Сонда ғана жақсы маман болып шығасың. Мен саған көмектесемін, сенің әкеңді мен көптен білемін, сондықтан сен менің баламдайсың», - деп еске алады.
Үш жылдың үстінде бас зоотехник болып істеген Черекаевты кейін Чапаев аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына бастық етіп тағайындайды. Ол осы жұмыста жүріп мал шаруашылығы туралы ғылыми мақалалар жаза бастайды. Сол кезеңде қазақтың ақбас сиырын шығарған авторлардың бірі, ғалым Сергей Дудинмен кездеседі. Міне, сол тұстан бастап мал шаруашылығы бойынша аспирантураға оқуға түсу туралы ой мазалай бастайды. Ақыры ол сол арманына жетіп, Мәскеудің аспирантурасын үздік тәмамдайды.
Алексей Черекаевтың даңқын шет елге дейін жайған абыройлы еңбек жолы «Аңқаты» совхозынан басталады. Аталмыш шаруашылықтың тізгінін қолға алғанында бір кезде озат атанған оның халі өте мүшкіл еді. Мал шаруашылығынан облыс бойынша ең артта қалған, егіннен де, құрылыстан да шаруасы әбден қожыраған совхоздан адамдар көшіп кетіп жатты. Міне, шаруашылықты осындай жағдайда, 1963 жылы 5 қыркүйекте Алексей Черекаев қабылдап алды. Алда қиындықтарға толы талай жылдар жатыр еді. Жас директор соның бәрін жеңді. Аңқатылықтармен қоян-қолтық еңбек ете жүріп жеңді. Атап айту керек, Алексей Васильевичтің етті ірі қара шаруашылығын тиімділігі жоғары өндіріске айналдыру жолындағы арманы толығымен осы «Аңқаты» совхозында орындалды. Ол осында алдына қойған барлық мақсатына жетті. Етті ірі қара шаруашылығының ол ойлап тапқан тиімділігі жоғары технологиясын ғалымдар бірауыздан мақұлдады. Өндірістік тәжірибеде толық дәлелденді. Тек Аңқаты ғана емес, Қазақстан мен Ресейдің шаруашылықтары Черекаевтың әдісін озық тәжірибе ретінде іліп алып, өздерінде қолдана бастады. Директор өндірісте жүріп, өзі көрген, көңіліне түйгендерінен көптеген ғылыми мақалалар, кітаптар жазды. Олардың бірқатары шет мемлекеттердің тіліне аударылып, Черекаевтың есімі дүние жүзіне белгілі болды. Айтпақшы, осы шаруашылықта жүріп докторлық диссертациясын қорғады. Директор болып келген арада сегіз жыл өткенде «Аңқаты» совхозы 1971 жылы асыл тұқымды етті бағыттағы ірі қара шаруашылығы мен астықтан мол өнім алғаны үшін Ленин орденімен наградталды. Сол жылы оның директоры Алексей Черекаев Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Көп уақыт өтпей, қырыққа да толмаған совхоз директоры Қазақ ССР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Шаруашылық директорлығынан төрағаның орынбасарлығына бұлайша бірден жоғарылау бұрын тарихта болмаған оқиға еді. Бұған ВАСХНИЛ мен Ресей ауыл шаруашылығы академияларының академигі атақтарын қосуға болады. Мәстексайда туып, Қазталов пен Чапаевта балалық шағы өткен азаматтың аңызға бергісіз өмірі осылай өрілді.
Орал қаласында тұратын мал маманы әрі кәсіпкер, ғылым кандидаты Болат Жүгінісовтің айтуынша, академик Черекаевтың еліміздің мал шаруашылығын, соның ішінде асыл тұқымды ірі қараны дамытуда еңбегі зор. Мәскеу ветеринарлық академиясын бітірген, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик, етті ірі қара шаруашылығының білікті маманы болатын. Ол кісі сол кеңестік заманның өзінде экономикаға өте мұқият қарады, етті ірі қараның тиімділігіне мән берді. Қазақтың ақбас тұқымды сиырының авторларының бірі болды. «Асыл малды дамыту жөніндегі ол кісінің ойлары мен тәжірибесін бүгінде, міне, қолданатын кез келді. «Аңқаты» мал зауытында Алексей Васильевичтің қасында жүріп, оның ақыл-кеңесімен жұмыс істеп, шәкірті болдық. Пікірлес болдық. Ол: «Сиыр бір бұзаудан басқа ештеңе бермейді, сондықтан бір сиыр бір бұзау беруі керек», - деп отыратын. Көзі тірісінде теорияны іспен дәлелдеген, етті ірі қараны өсіру бойынша өзіндік тұжырымдамасын өндіріске енгізген, соның нәтижесінде жоғары зоотехникалық және экономикалық тиімділікке қол жеткізген ғалым. Батыс Қазақстанда ең жақсы мал тұқымын шығару жолында еңбек сіңірді және мал бордақылаудың канадалық әдісін өндіріске енгізді. Ол абырой-атақтан құр қалған жоқ, Ресей Федерациясы ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, Социалистік Еңбек Ері атанып, Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерін иеленді. Ғалым ретінде оның етті мал шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі зор. Өмірінің кейінгі жылдарында Мәскеу қаласында тұрса да, Қазақ елімен байланысын үзбей кетті», деді Б.Жүгінісов.