Ақбұлақтағы жағымсыз иістің себебі неде және мәселе қалай шешіледі

АСТАНА.KAZINFORM - Астанадағы Ақбұлақ өзенінен шығатын жағымсыз иіс пен судың ластануы бірнеше жылдан бері тұрғындарды алаңдатып келеді. Мәселенің себебі неде, осы уақытқа дейін қандай жұмыстар атқарылды және биыл тағы не жоспарланған? Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында айтты.

Фото: Тұрғындардан

Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесі, 2А маңындағы Ақбұлаққа қатысты мәселе бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. 2019 жылдан бері тұрғындар жағымсыз иіс, судың ластануы және жылғаға кір су төгіліп жатқаны жөнінде айтып, бірнеше рет шағымданған.

Тұрғындардың өтінішінен кейін мамандар бұл аумақта тексеру жүргізіп, судан сынама алған. 2019 жылғы зерттеу қорытындысында темір, марганец, аммоний азотының мөлшері шекті деңгейден асып кеткені анықталған. Сондай-ақ судан шығатын жағымсыз иістің күшейіп, судағы еріген оттегі мөлшерінің төмендегені белгілі болған. 

Фото: Тұрғындардан

Кейінгі жылдары Ақбұлақтың жағдайы тұрақты бақылауда болды. Мамандар суды не ластап жатқанын анықтау үшін тексеру жүргізіп, аумақты тазарту жұмыстарын атқарды. Бұған дейін кәріз суын тасымалдайтын ассенизатор көліктерінің тұрмыстық сұйық қалдықтарды жаңбыр суын ағызатын кәріз жүйесіне заңсыз төккені анықталған болатын. Заң бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Алайда жүргізілген жұмыстарға қарамастан, тұрғындар Ақбұлақ маңында жағымсыз иістің әлі де сақталып тұрғанын айтып келеді. Осыған байланысты Kazinform агенттігі мәселенің себебі, атқарылған жұмыстар және алдағы жоспар туралы нақтылау үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігіне ресми сауал жолдады.

Жағымсыз иіс неден пайда болады

Министрліктің мәліметінше, жағымсыз иістің басты себебі – Ақбұлақ өзенінің қазіргі жағдайы. 

– Көпжылдық бақылау нәтижелері мен Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау басқармасы 2022 жылы жүргізген гидрологиялық зерттеу қорытындысы бойынша, жағымсыз иістің негізгі себебі ретінде суға тұрақты түрде лас заттардың төгілуі емес, өзеннің өз ішінде жүріп жатқан табиғи үдерістерге байланысты екені белгілі болды, – делінген министрлік жауабында.

Министрліктің мәліметінше, мәселенің негізгі себебі – өзеннің қатты лайлануы. Ақбұлақтың абаттандырылған бөлігінің шамамен 70 пайызы лаймен жабылған. Ал кейбір учаскелерде су түбіне жиналған шөгіндінің қалыңдығы екі метрден асқан.

Фото: Тұрғындардан

Соның салдарынан өзен таяздап, ағыс баяулай түскен. Кей тұстарда су тоқтап, тіпті батпақтана бастаған. Жаз мезгілінде судағы өсімдіктері шіріп, сөйтіп жағымсыз иіс пайда болған.

Қандай жұмыстар атқарылды

Ақбұлақты қалпына келтіру аясында 2024 жылы өзен арнасы механикалық жолмен тазартылды. Жұмыс Абылай хан көшесіндегі көпірден Тәуелсіздік көшесіндегі көпірге дейінгі аралықта жүргізілді.
Тазалау барысында өзен түбіне жиналған көп мөлшердегі шөгінді шығарылды.

– Жұмыс барысында 163 739 текше метр лайлы түп шөгіндісі шығарылды. Соның нәтижесінде су өткізу қабілеті мен ағысы айтарлықтай жақсарды, – деп хабарлады министрлік.

Осыдан кейін мамандар өзеннің жағдайын қайта зерттеп, қосымша тазартуды қажет ететін учаскелерді анықтады.

Биыл қандай жұмыстар жүргізіледі

Министрліктің жауабына сәйкес, 2026 жылы жүргізілген батиметриялық зерттеу нәтижесінде өзен арнасын тазарту жұмыстарын жалғастыру қажет екені белгілі болды.

Жоспар бойынша тағы 62 064,26 текше метр түп шөгіндісі шығарылады. Жұмыс Тәуелсіздік көшесіндегі көпірден Есіл өзеніне құятын жеріне дейінгі және Абылай хан көшесіндегі көпірден теміржол өткеліне дейінгі аралықта жүргізілетін болады.

Фото: Тұрғындардан

Министрлік бұл жұмыстарға бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда ғана кірісетінін атап өтті.

Бұдан бөлек, биыл Ақбұлақты биологиялық жолмен қалпына келтіру жұмыстары да жалғасады.

Оған су айдыны мен жағалауды тұрмыстық қоқыс пен артық су өсімдіктерінен тазарту, органикалық қалдықтардың шіруін азайту үшін хлорелла микробалдырынан жасалған арнайы препараттарды қолдану және суды жасанды түрде оттегімен қанықтыру кіреді.

Мамандардың айтуынша, аэрация судағы еріген оттегінің мөлшерін көбейтіп, су айдынының табиғи жолмен тазару процесін жеделдетеді.

Заңсыз су ағызу деректері тексеріле ме

Министрлік Ақбұлақтағы су сапасы тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.

Қазақстандағы жерүсті суларының сапасына, оның ішінде Астанадағы су нысандарына тұрақты мониторингті «Қазгидромет» жүргізеді. Ал осы аумақтағы судың сапасын қосымша «Арғын Строй 2015» ЖШС зертханалық бақылауға алады.

Фото: Тұрғындардан

Ведомствоның мәліметінше, бұл учаскеде тазартылған ағынды суды ағызатын екі ресми нысан бар. Олар – теміржол көпірі маңындағы Elorda Eco System кәсіпорнының ОС-1 тазарту құрылысы және Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесі маңындағы Астана Су Арнасы кәсіпорнының сорғы-сүзгі станциясы. Екі кәсіпорын да қолданыстағы рұқсат құжаттары негізінде жұмыс істейді.

Министрлік заңсыз жалғанған құбырлар мен заңсыз су төгу фактілерін анықтау үшін тұрақты бақылау жүргізілетінін айтты.

– Кәсіпорындардың өндірістік экологиялық бақылауы мен есептері тазартылған ағынды судың сапасы белгіленген талаптарға сәйкес екенін көрсетті. Сондай-ақ өтініш қаралған кезде апатты, заңсыз немесе бір мезетте көп көлемде ағынды су ағызу деректері анықталмаған, – делінген жауапта.

Сонымен қатар Ақбұлақтың су қорғау аймағында заңсыз жалғанған құбырлар мен заңсыз ағынды су ағызу деректерін Есіл бассейндік инспекциясы, жергілікті атқарушы органдар және табиғат қорғау полициясы бірлесіп тексеріп отырады.

Министрліктің мәліметінше, бұл аумақта өндірістік ағынды суларды ағызатын ірі өнеркәсіп кәсіпорындары жоқ.

Ведомствоның хабарлауынша, Ақбұлақты экологиялық тұрғыдан қалпына келтіру жұмыстары Есіл бассейндік инспекциясы, Астана әкімдігі, Астана Су Арнасы және Elorda Eco System кәсіпорындарымен бірлесіп жалғасып жатыр. Бұл жұмыстар уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылауында.