Сол боздақ соғыста хабарсыз кетіп, жалғыз баласын кейуана өле-өлгенінше күтумен жүрген.
Алысы - Американы, жақыны - Жапонияны шарпыған Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 65 жыл толса да, оның бітеужарасы - әке, бауыр, туыстан айырған қайғы-қасіреті күні бүгінге дейін жүректерді сыздатады. Майдангерлердің үшінші, төртінші ұрпағы жат жерден топырақ бұйырған бабаларының зиратын іздеп барып, туған жердің топырағын салады, хабарсыз кеткендерді әлі күнге іздестіреді. Осындай жағдай арада 68 жылдан соң біздің де бастан өтті.
Көп жылдар Мәскеу облысындағы Кеңес Армиясының Орталық мұрағатына хат жазып, тиянақты жауап ала алмаған едік. Іздеген адамның анкеталық мәліметтері орфографиялық тұрғыдан қате жазылуы мүмкін деген ойға да келмеген.
Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Мәскеуде ТМД Атқару комитетінде жауапты қызметте жүрген балама: «сенің маған қарағанда қолың ұзын ғой, мүмкін мұрағаттарды өзің ақтарып көрерсің», - деген едім. Көп кешікпей баламнан сүйінші хабар да жетті. Интернет арқылы «Солдат. Ру» сайтына шығып, атасы Асылбеков Жақсыбекті іздейтінін, ол Ленинград майданында болғанын жазады. Атасының фамилиясы, аты-жөні, мекен-жайы орфографиялық тұрғыдан қате жазылуы да мүмкін екендігін ескертеді. Кешікпей, Санкт-Петербург - Великий Новгород - Псков адресімен Олег есімді (фамилиясы көрсетілмеген) және Иваново қаласынан Наталья Климанова байланысқа шығып, Жамбыл облысының Сарысу ауданында 1916 жылы туған Асильбеков Джаксыбактың Новгород облысы (бұрынғы Ленинград облысы) Лычково стансысы маңындағы шайқаста 1942 жылы қыркүйектің 18-інде қаза болғанын, стансының оңтүстік шығысында 1,5 шақырым жерде жерленгенін, 1960 жылы Лычково селосының орталығында бауырластар зиратына қайта жерленгенін жазады. Сондай-ақ олар Солтүстік Батыс майданының 34-ші армиясы 151 жеке атқыштар бригадасының 1942 жылғы қазанның 1-іне дейін қаза болғандардың құпия мәліметінің титулдік беті мен екінші парағын (ондағы тізім 15 санымен басталып, 28-бен аяқталады) жібереді. Машинкаға басылған титулдік бетке (трафарет) 151 атқыштар бригадасының штаб бастығы мен штабтың әскери комиссары қол қойған және «8 бетке жазылған 202 адамның атаулы тізімін жіберіп отырмын» делінген. Бұл тізімде әкем 16-шы болып көрсетілген. Оның аты-жөні бұрмаланғаны былай, туған жерін Байкадаан (Байқадам болуы тиіс еді) деп көрсеткен. Жұбайының фамилиясы мен атының басқы әрпі мүлдем қате жазылған.
Аудандық ОСАвиаХим (кейіннен ДОСААФ) төрағасы қызметінде болып, майданға кеткен әкемнің ВКП (б) мүшесі, сапер болғанын да осы тізімнен білдік.
Сондай-ақ бұл тізімде қазақстандық, өзбекстандық мына жауынгерлердің аты-жөні көрсетілген:
Қызыл әскер Абдуранманов Шапори (тізімде жазылуы осылай) - Жамбыл облысының Созақ ауданында (тізімде солай жазылған) туып, армияға осы ауданнан шақырылған - тізімде 19-шы;
Кіші сержант Казаков Александр Ефимович 1911 жылы туған - Алматы қаласы, Ташкент аллеясы 9.101-де тұрып, армияға Түрген ауданынан шақырылған - тізімде 20-шы;
Кіші лейтенант Саидов Рашид - Өзбек ССР-нің Бұқар ауданы, Шымдуван (?) селосында 1910 жылы туып, әскерге Яккобин (?) аудандық комиссариатынан шақырылған - 21-ші болып тіркелген.
Бұлардың бәрі зиратқа белгісіз жауынгер ретінде жерленіп, мемориалдағы тізімге аты-жөндері кірмеген.
Ұлы Отан соғысы туралы қаншама деректі көркем шығармалар жазылып, кинолар түсірілгенімен, алапат соғыстың әлі күнге сирек айтылатын қалтарыс тұстары, мұрағаттарда сарғайып жатқан құпия деректері әлі де бірнеше ұрпақтың зерттеуіне жетерлік сияқты. Соның бірі 1941 жылы шілденің 18-інде Лычково стансысында ленинградтық балалардың 12 вагоннан тұратын эшалонын неміс ұшағының бомбылауы.
1941 жылы шілде айының орта кезінде Ленинградқа немістер Финляндия жағынан шабуыл жасайды деп жоспарлаған қала басшылығы мен әскерилер құпия түрде қаладан балабақшалардан бастап, пионер лагерінде демалып жатқандарға дейін асығыс тылға көшіре бастаған. Таңертең бақшаға келген балаларға «кешке ата-аналарың басқа жерден алып кетеді» деп, лагердегі ересек балаларға «басқа саяжайға көшеміз» деп у-шусыз вагондарға тиеп облыстың шығысындағы теміржол бойындағы елді мекендерге көшірген. Бұл жағдайдан бейхабар ата-аналар кешкілік балаларының орнын сипап қалған.
Осы дүрбелеңді бастан өткізген, кейін Ленинград блокадасында болған сол кезде 7 жасар қыз Людмила Пожедаева кейін 16 жасында басынан кешкен нәубеттерін оқиға-оқиға етіп естелік түрінде жазып, осыған байланысты суреттерді қаламмен салып, сол тақырыпқа өлеңдер циклін жазған. Кітап 2007 жылы аз таралыммен естелік үшін таратылатын әдебиет болып Санкт-Петербордан басылып шыққан. Кітапты бір оқып шыққаннан кейін ондағы кез-келген беттегі салынған суретті көріп, болған оқиғаны қаз-қалпында көз алдыңызға қайта елестете аласыз. Бұл Ленинград балалары туралы ащы шындықты ашып жазған сирек басылымның бірі болар деп ойлаймын. Лычководағы әскери-тарихи мұражайдың директоры Евгений Дудник «Война, блокада, Я и другие» деген осы мемуарлық шығарманың бір данасының және өзінің «Дети. Война. Жизнь» деген өлеңдер жинағын маған сыйлады.
Лычково - кезінде аудан орталығы болған, бүгінде 2 мыңдай тұрғыны бар шағын поселке. Өз уағында үлкен кеңшары, жиһаз жасау фабрикасы, ағаш даярлайтын шаруашылығы болған мекенде бүгінде бірде-бір кәсіп жоқ. Жұмысқа жарамдылар әрісі Санкт-Петербор, Мәскеу асып, берісі - Псков, Тверь қалаларына кеткен. Аз ғана бала оқитын кәсіптік-техникалық училище, екі бала бақша, биыл 10-шы сыныпты 10 бала бітірген орта мектеп, клуб бар. Есесіне, коммерциялық дүкендер мен дүңгіршіктер саны - 12. Ауылдың негізгі көлігі - рөлінің алдына шаруашылық заттарын салатын темір себет орнатқан велосипед.
2002 жылға дейін көпшілік Лычково трагедиясы туралы бейхабар болып келген. Сол жылы мамырдың 9-ында Мәскеу теледидарының бірінші арнасы «Қайырлы таң» бағдарламасында Лычково селосында ленинградтық балалардың зиратын әлі күнге күтіп жүрген 3 әйел туралы сюжет көрсеткеннен кейін бұл оқиғаны Ресейдің барлық басылымдары жаппай жазып, мұрағаттарды ақтара бастайды.
Енді Лычково трагедиясы қалай болған дегенге оралайық. Ленинградтан шыққан эшалонға жолдағы селолардың да балалары қосылған және ол бір емес, бірнеше эшалон болып күн сайын тасымалданған. Балалар шалғай аудандардағы мектептерге, үйлерге орналастырылған. Л. Пожедаеваның жазуынша, неміс танкілері күтпеген жерден Кеңес әскерінің қорғаныс шебін бұзып, Демьяновск селосын атқылай бастаған. Аяқастынан дүрліккен ел, Ленинградтан келген балалар, олардың мұғалімдері, тәрбиешілері, медбикелер теміржол стансысы Лычковоға қайта жөңкіледі. Жарақат алғандар, есеңгіреп қалған балалар, ұзақ жолға жүре алмайтын сәбилер арбаларға отырғызылады. Лениград пен Мәскеу бағытындағы негізгі темір жол торабының бірі Лычковода бұл кезде майдан шебінен жаралыларды тасыған тағы бір пойыз құрамы тұрған. Майдан шебінің алдында қалған балаларды Ленинградқа қайтару ұйғарылған. Шілденің 18-і күні батыстан қара құзғындай шүйілген бір жау ұшағы пойыз құрамын бастан-аяғына дейін бомбылап «үтіктеп» шыққан. Өлген, жараланған, қорқыныштан есі шығып айдалаға қашқан балаларға екінші неміс ұшағы келіп пулеметтен оқ боратқан.
Осы қырғыннан аман қалғандар басқа пойызға отырып, алдағы уақытта Ленинградта неміс құрсауына түсетінін білмей кейін қайтқан. Қанша баланың опат болып, қаншасы тірі қалғаны және 2 жылға жуық қоршауда болып аштықтан, аурудан, суықтан өлгені белгісіз. Соғыс пен оккупацияны бастан өткізген ауыл адамдары бомба түскен маңдағы ағаштардың бұтағында, үйлердің шатырларында балалардың пәршеленген дене мүшелері, киімі көпке дейін ілініп тұрғанын көздеріне жас алып айтқан. Сол адамдар мәйіттерді жинастырып, (өлгендердің саны қанша екені белгісіз) село ішіндегі зиратқа бір молаға жерлеген. Бүгінде ол зираттың басында да мүсін белгісі бар.
Құпиясы кейін ашылған дерек бойынша 1941 жылы маусымның 29-ы мен тамыздың 27-сі аралағында бір айда Ленинградтан 395091 бала эвакуацияланып, солардың 175400 кейін қайтарылған. 219691 баланың хабар-ошары белгісіз.
Биылғы шілде айының орта кезінде ми қайнатар аптап буған Мәскеуден Псков бағытына қатынайтын купесі салқын, жайлы пойызға отырып ұлым Әлім, немерем Шыңғыс үшеуміз жолға шықтық. Түнгі сағат 2-де Лычково стансысына түсіп, онда село әкімшілігінің өкілі күтіп алып, жайлы жатақханаға орналастырды. Ертесіне село әкімшілігі басшысының орынбасары Антонина Петровна Михайлова келіп, жай-күйімізді білді, кеңсеге әкеліп село жағдайымен таныстырды. Аудандық әскери комиссариаттан тапсырма түскенін айтып, тиісті құжаттарды реттеді. Жеңіл көлікпен селоны аралата жүріп, азаматтық зиратқа алып келді. Ленинградтық балалар да, сол төңіректегі шағын көлемді бауырластар зиратынан қайта жерленгендер де осында екен. Биыл Жеңіс күні қарсаңында 24 жауынгердің сүйегі қазылып алынып, осында бөлек жерленіпті. Солардың тек үшеуінің ғана аты-жөні белгілі көрінеді.
Аудандық әскери комиссариат, селодағы іздеушілер отряды аудан аумағында әлі де бірнеше зираттың бар екендігін айтады. Оларды жаппай ашып, қайта жерлеуге мүмкіншілік аз, қаражат тапшы. Сондықтан жыл сайын 1-2 зиратты ашып, Жеңіс күні қарсаңында қайта жерлеу шарасы жасалады. Селоның өз ішінде құрылыс жүргізгендер немесе бақшалық жерін қазғандар жеке-жарым жерленген жауынгерлер мәйітін бүгін де тауып алады екен.
Әскери-тарихи мұражай директоры Е. Дудниктің айтуынша, село маңындағы ормандарда соғыс жылдары немістер құрған миналар әлі де кездеседі. Олардың тұтандыру жүйесі түсті металдан жасалғандықтан, әлі де көп жылдар жер астында шірімей жататын көрінеді. Неміс қаруларын, ордендері, телпектерін тағы да басқа заттарын заңсыз іздейтіндер, тапқандарын «қара базарда» қымбат бағаға сататындар кездеседі. Тіпті селоның бірқатар тұрғындарында осындай «олжалар» жасырын сақталатын сыңайлы. Ал партизандар отрядтары әр жерге ұра жасап көмген, майланған қалпында сақтаулы қару-жарақтар әлі де кездеседі. Кеңес Одағы ыдырап, экономикадағы үлкен бөлістер басталған кезде криминалдық орта осы жерден қарулар алғанға ұқсайды.
Сондай-ақ Е. Дудник Мәскеу облысындағы Армияның Орталық мұрағатымен жақсы қарым-қатынастары бар екенін, жергілікті мұражайдың сұрауы бойынша қажетті мәліметтерді беріп тұратынын айтты. Сөз арасында Орталық мұрағаттың іздестіру бөлімінде кезінде 4 адам істегенін, олар келген хаттар бойынша (әсіресе аты-жөні, мекен-жайы қате көрсетілген, немесе сәйкес келмейтіндермен) жан-жақты іздеу жұмыстарын жүргізе алмайтынын айтты.
Қазір мұрағат материалдары электрондық жүйеге көшірілгендіктен, бұл жұмыс әлде қайда жеңілдеген. Әр іздеуші интернет арқылы қажетті мәліметтерді алуына болады.
Ескерткіш мемориал зиратқа кіре беріс жерге жақын қойылған. Қызыл кірпішпен тақталап өрілген шағын алаңның басында автомат қаруына сүйеніп, тізесін бүгіп отырған жауынгер бейнесі мүсінделген. Екі қапталда әліпби ретімен тізілген 1133 жауынгердің (барлығы 1435 адам жерленген) аты-жөні, туған жылы, опат болған күні жазылған. Жерленген басқа 302 адамның кімдер екені белгісіз. Мұнда Солтүстік Батыс майданының 46,151 атқыштар бригадасының, 837-ші атқыштар полкінің, 163 атқыштар дивизиясы 529 атқыштар полкінің, 202 атқыштар дивизиясының 645 атқыштар полкінің, 652 артилерия полкінің, І Украин майданының 245 атқыштар дивизиясының 898, 901 және 904 атқыштар полктерінің жауынгерлері жерленген. Мемориалда аттары жазылған 1133 жауынгердің 211-і түркі тілдес елдердің азаматтары.
Мемориалдағы жалпы тізім қолымызда бар.
Бауырластар зиратын осындағы орта мектептің оқушылары қамқорлыққа алған. Жыл сайын зират маңы тазартылып, гүлдер отырғызылады. Жеңіс мерекесі, ленинградтық балаларды еске алу шаралары өткізіледі.
Біз Лычковоға барып қайтқан соң бір аптадан кейін Демянск және Маревск аудандарының әскери комиссары подполковник А.В. Антроповтан электрондық поштамен хат алдық. Онда әкем Асылбеков Жақсыбектің анкеталық мәліметтері кезінде қате жазылып кеткені қуатталып, Новгород облыстық әскери комиссариатының және Кеңес Армиясы Орталық мұрағатының рұқсатымен енді ол түзетіліп, алдағы жылы Жеңіс күні қарсаңында мемориалдағы тізімде 67-ші болып жазылатыны айтылған және сол еске алу шарасына қатысуға шақырған.
Бір кездегі ортақ Отанымыз - Кеңес одағын қорғау жолындағы неміс фашистерімен соғыста опат болған есімдері белгілі, белгісіз ерлердің аруағын қастерлеп, олардың кімдер екенін анықтауда өз еріктерімен қажымай-талмай белуардан саз кешіп, жауынгерлер жерленген орындарды қазып, мұрағаттардың сарғайған мәліметтерін жинастырып жүрген, бауырластар зиратын күтіп, гүл өсірген соғыс өрті шарпыған жердің мектеп оқушыларына, қарапайым және қызмет адамдарына, зейнеткерлерге, іздеушілер отрядтарына, интернет арқылы қолғабысын берген көмекшілерге мың да бір рахмет!