БҚО-дағы Шыңғырлау ауданының әкімі Айболат Сейтақов есептік кездесулерін шалғай орналасқан Лубен, Алмаз ауылдық округтерінен бастады. Мұнда ауылдардың өзекті мәселелеріне дейін көтерілді. Мәселен, Шыңғырлау, Лубен-Алмаз бағытындағы жолдың нашарлығы, Лубенде бұрынғы аурухананың жабылып, шағын амбулаторияға айналғаны, су тарататын нүктелердің аздығы сөз болды. Бұған аудан басшысы жауап беріп, алдымен Шыңғырлау-Ақсай күрежолының жөнделетінін, ал аталған ауылдар жолдарын ретке келтіру 2012 жылдың жоспарына ұсынылатынын жеткізді. Аурухана мәселесі облыстық денсаулық сақтау басқармасы құзырында болса, су жеткізу біртіндеп шешіледі. «Қазақстан-Орал» телеарнасы хабарларын да алдағы уақытта лубендіктер көре алатын болады.
Алмаз ауылдық округінде Сегізсай елді мекеніндегі мектеп ғимаратының апатты жағдайда екендігі, сол сияқты Алмазда дәріхана қажеттігі айтылды. Бұл ретте биыл «Жол картасына» сәйкес күрделі жөндеуге Алмаз мектебі ұсынылмақ. Ал Сегізсай мектебі ағымдағы жөндеуден өтетін болады. Биыл сондай-ақ қомақты қаражат аудан орталығын сумен қамтуға жұмсалмақ.
Ауыл тұрғындары өз ұсыныс-тілектерін айта отырып, Елбасы өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту мәселесін қолдайтындықтарын білдірді.