Әкімдікке қарасты комиссиялардың құрамын өзгерту керек - Болат Палымбетов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің негізгі мәселесін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мысалы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік дейміз. Бірақ осы салада конкурс өткізетін комисиялардың құрамында кілең шенеуніктер отыр.

«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік» десек, шенеуніктер мен кәсіпкерлердің саны тең болуы керек қой. Бүгінде бәрін әкімнің орынбасары шешеді. Әрине, ондайда кәсіпкер пара беруге асығады. Ал комиссияның құрамында бизнестің мүддесін қорғайтын адамдар отырса, кәсіпкер конкурстың әділ өтетініне сенеді. Осыны жасауға болады ғой», - деді Б.Палымбетов «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар статистика үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын үйе береді. Ал бюджетте тиісті қаржы қарастырмайды. Сөйтіп, есеп бергенде нысандардың санын айтады да, оған қанша қаржының бөлінгенін көрсетпейді. Қаржы болмаған соң қарыз жинала береді. Қазірдің өзінде біраз кәсіпкерлердің шығындары өтелмей жатыр.

«Біз 2006 жылдан бері мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы айтып келеміз. Атауы да жақсы. Бірақ осы салада әлі күнге дейін шешілмей жатқан мәселелер баршылық. Негізі, екі проблеманы шешсек, бәрі өз орнына келеді. Біріншіден, ашықтық. Екіншіден, қаржыландыру. Осы екі мәселені шешсек, көп нәрсені реттеп алуға болады», - деп атап көрсетті Б.Палымбетов.

Айта кетейік, бүгінгі отырыста кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов осы саладағы әкімдіктердің қитұрқы әрекетін ашып берді. Жергілікті билік органдары өз басымдығын пайдаланып, қосымша жеңілдіктерді шығарып алады. Содан мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тепе-теңдігі бұзылады. Өйткені кәсіпкерлерге артық шығын шығаруға тура келеді. Тіпті, бірлесіп жасаған жобаны тартып алу фактілері де бар.

«Мысалы, мен Павлодардан келген бір кәсіпкерді қабылдадым. Ол мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде мектеп салып шықты. Ішінде спорт зал да бар. Табысты жұмыс істеп жатқан мектеп дейді. Ақыры ол мектебін тартып алды. Енді, заңды түрде алып қойды ма, оны әлі зерделеп шығу керек. Ол кәсіпкер заңды бұзған шығар. Дегенмен, кәсіпкер бәрін өз ақшасына салды, мектепті құрды, артынан соның бәрін алып қойған дұрыс емес қой», - деді Қ.Сүлейменов.

Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқолыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтың сөзіне қарағанда, шенеуніктер барлық жұмысты оп-оңай қағазбастылыққа айналдырып жібереді. Сөйтіп, кәсіпкердің инвестициялық шығындары да, операциялық шығындары да өтелмей қалуы мүмкін. Оған қоса, мемлекеттік-жекешелік әріптестік конкурстары әлі күнге дейін қағаз жүзінде өткізіледі. «Мен бұл мәселені жақсы білемін. Өйткені облыс әкімінің орынбасары болғанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелерімен айналыстым. Шыны керек, шешілмей жатқан проблемалар баршылық. Мәселен, бүгінде мемлекеттік сатып алулар толығымен электронды түрде жүргізілсе, мемлекеттік-жекешелік әріптестік конкурстары әлі күнге дейін қағаз жүзінде атқарылады. Конвертті скотчпен орап әкеледі де, комиссия мүшелерінің талқысына салады. Ешқандай тәртіп жоқ. Ал тәртіп жоқ жерде сыбайлас жемқорлықтық қауіпі жоғары. Кәсіпкер маңызды бір жобаны іске асырамын десе де, шенеунік оны ары-бері жүгіртіп, барлық жоспарын жермен жексен етуі мүмкін. Себебі бизнесмен оның танысы да емес, туысы да емес», - дейді О.Бектенов.