«Акинори Алматыда тұрақтай ма?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 5 мамыр, сәрсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Спортсүйер қауым, соңғы жылдары сумо күресінің хас шебері Асасёрю Акиноридің Алматығы қайта-қайта келіп жүргенін біледі. Сөйтсек, оның да өзіндік сыры бар екен. Ең басты жүлде - Император Кубогын 25 рет жеңіп алған әйгілі моңғол жігіті қазақ жерінде сумо күресін дамытуды қолға алмақ», - деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында жарық көрген «Акинори Алматыда тұрақтай ма?» атты мақаласында. Улан Баторда туған балуан ХХІ ғасырдың тұңғыш ёкодзуны (сумо күресінің ең биік дәрежесі). Яғни, Моңғолиядағы сумо тарихындағы алғашқы балуан және ёкодзун жоғары атағын алған үшінші шетелдік. Жасы әлі отызға жетпеген даңқты Аса­сёрю: «Кезінде менің күрестерім арқылы Моңғолия әлемге танылды. Енді мен қазақстандық спортшылар өз елінің даңқын арттыруы үшін бар білімім мен тәжірибемді осы өрелі іске жұмсағым келеді», - деп ағынан жарылып отыр.

«Егемен Қазақстан» газетінде «Жаңа стандарт - жаңа өмірдің әліппесі» атты мақала берілген. Баланы оқыту мәселесі қай қоғамда да өзекті. Әсіресе, соңғы кезде 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуге қатысты стандарт әзірленіп, ол педагогтардың арасында қызу талқыланып, жүйеге түбегейлі реформа жасалу қажеттігі нақтыланған тұста жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартының жобасы да мамандардың назарынан тыс қалған жоқ. Аталмыш тақырып бойынша соңғы бір жылда бұқаралық ақпарат құралдарында педагогтар тарапынан жарияланып жатқан түрлі материалдар соның айғағы. Осы орайда «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру мекемесінде ұйымның басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың журналистер үшін арнайы брифинг ұйымдастырып, жобаның ерекшеліктері туралы жан-жақты әңгімелеп беруін жоба жасаушылардың пікірі деп түсінген жөн сияқты. Оның айтуынша, қолданыстағы білім жүйесінің кемшілігі - оқушыларға барлық кезде дайын ақпарат ұсынылады. Екіншіден, оқушы мұғалімге тәуелді. Бала мұғалім мен оқулықты оқу ақпаратының қайнар көзі ретінде қабылдайды. Үшінші кемшілік - оқудың нәтижесін «біледі» немесе «білмейді» деп бағалау.

***

«Қазақстан» ұлттық арнасында көрермендер тарапынан зор қызығушылық тудырып, кейіпкерлері ешкімді бейжай қалдырмаған бағдарламаның бірі «Шетелдегі қазақ балалары» деп аталады. Шетелдегі қазақ балалары туралы осы уақытқа дейін тек естігеніміз болмаса, олардың жүздерін көріп, жеке өмірлерімен танысудың мүмкіндігі болмап еді. Ендігі таңда осы бағдарлама арқылы көрермен қауым шетелдегі қазақ балаларының өмірлерімен кеңірек танысуға мүмкіндік алды», - деп жазады «Ана тілі» басылымы соңғы санында. Жалпы ресми мәліметтер бойынша, жатжұрттықтар асырап алған қазақ балалары бүгінгі таңда әлемнің отыз мемлекетінде өмір сүруде. Атап айтқанда, тоғыз мыңға жуық бала бүгінде Италия, Франция, Испания, Бельгия, Польша, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, т.б. елдерінде шетелдік азаматтарға бала болып, сол елдің толыққанды азаматына айналуда. Тілі жат, діні жат, ділі жат ортада, өздеріне мүлдем бейтаныс адамдардың арасында ғұмыр кешуде. Осы мәселені арқау еткен мақала «Жат елдегі жаутаңкөздер» деген тақырыппен жарияланды.

Осы басылымның жазуынша, жақында ғаламтордағы voxpopuli.kz сайты қазақ тілін білмейтін қазақтардың арасында «Почему я не знаю казахский язык?» деген тақырыпта сауалнама жүргізіпті. Бұл сауалнамаға берілген жауаптарды оқып отырып, әжептәуір ойға қаласың. Азаматтардың сайтта келтірілген пікірлері олардың жеке пікірлері болса да, қоғамда мемлекеттік тілге байланысты әр түрлі көзқарастың бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Енді соларды сараптап көрсек. Мәселен, Дәния есімді студент қыздың жауабына назар аударсақ, ол былай дейді: «Қазақ тілінде сөйлей бастағанымда, бірде-бір орысша сөз білмейтінмін. Кейін менде орыс тілді достар пайда болды. Соның әсерінен мен қазақ тілінен алыстап кеткендай болдым» деп жауап беріпті. «Дәнияның басындағы жағдай өзге де орыстілді қазақ жастарында жоқ емес деп кім айта алады? Баланы көше тәрбиелейді деген ұғымның бір ұшы осында жатқан жоқ па? Бүгінде сол орыстілді достарының әсерінен қазақ тілін ұмытып кеткен жастар қаншама? Отбасы қазақша сөйлегенімен, бала тілінің өзгеруіне қоршаған достарының ықпалы көп әсер еткен. Бұл да бүгінгі қоғамның шындығы»,- деп жазады басылым соңғы санында жарық көрген «Сауалнама жауаптарын сараптасақ...» атты мақаласында.

***

«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында «Софи и Омар представят Казахстан» атты мақала басылды. Он бес жасар павлодарлық скрипкашы Омар Қуанышев пен алты жастағы алматылық Софи Манасян «Мәскеу жастарын қарсы алады» атты XI халықаралық фестивальде Қазақстанның намысын қорғайтын болады. Осы шара аясындағы 20 концертке барша әлемнен 1 500-ге жуық жас талант қатысады деп күтілуде. Сынға түскелі отырған екі бала да бүгінде беделді байқаулардың лауреаттары мен халықаралық фестивальдердің жеңімпазы болып танылған.