Аққу ауылындағы Абай күні - Павлодар облысы

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ. 11 тамыз. ҚазАқпарат - Павлодар облысындағы Аққу ауылында бүгін Абай күні атап өтілуде. Мұнда қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбаев ескерткішінің ашылу салтанаты өтеді.

Бұл шара ұлы ақынның туған күніне орайластырылған, деп хабарлады облыс басшысының баспасөз қызметінен.

Жаңа саябақта орнатылған ескерткіштің авторы - ҚР Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Тоқтар Ермеков.

Салтанатты шараға облыс әкімі Ерлан Арын, ҚР Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары, мәдениет және өнер қайраткерлері, ғалымдар мен аудан тұрғындары қатысады.

Абай күнінде Аққуда айтыс, бәйге және қазақстандық сахна жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтеді.

Аққу ауылында Абай мүсінін ашудың бастамашысы - философия ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылымдар академиясының академигі, ҚР Парламент Сенатының депутаты Ғарифолла Есім.