Ақмола гарнизоны сотының шешімімен сержант Жақыпов 4 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды

КӨКШЕТАУ. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Бурабай баурайында орын тепкен кадеттер корпусында келісімшартқа сәйкес әскери қызметке тартылған сержант Дархан Жақыпов Ақмола гарнизоны сотының шешімімен 4 жыл үш айға бас бостандығынан айырылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл келеңсіз оқиға өткен жылдың қыркүйек айында орын алған еді. Тепсе темір үзетін азамат әскери мамандықтың қыр-сырын меңгеріп жүрген балғындарды қорқытып, ақша талап еткен. Жөнсіз шаруаларға жұмсап, әлімжеттік көрсеткен. Тіпті оқу-жаттығу кезінде тиісті «төлемақыларын» бермегені үшін 10 баланы ұрып-соққан. Осы әрекетке наразылық білдірген 58 балғын Щучье қаласынан 40 шақырым жердегі полигоннан жаяу-жалпылап кетіп қалады. Осынау келеңсіз жағдайдың соңғы нүктесін Ақмола гарнизоны соты қойып, әділ үкім шығарды.