Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарының жолдарында көлік қозғалыстарына шектеу қойылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарының жолдарында көлік қозғалыстарына шектеу қойылды, деп хабарлады «Қазақавтодор» РМК баспасөз қызметінен.

«8 желтоқсанда сағат 10.00 ауа райының қолайсыздығына (боран) байланысты «Астана-Петропавл» (18-230 км) тас жолында көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды», - делінген хабарламада.

Сағат 11.40-тан боран мен қардың жаууына байланысты «Екатеринбург-Алматы» (1280-1353 км) жолындағы Қызылжар бекетінен Қарағанды облысына дейінгі учаскеде көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды. 7 желтоқсанда сағат 19.30 «Екатеринбург-Алматы» (856-917 км) жолындағы СҚО шекарасынан Жақсы кентіне дейінгі учаскеде көліктің барлық түрінің қозғалысына қойылған шектеу сақталды.

Сағат 12.00-ден Қарағанды облысында ауа райының қолайсыздығына (боран, қар) байланысты «Екатеринбург-Алматы» (1353-1425 км) тас жолындағы Ақмола облысының шекарасынан Теміртау қаласына дейінгі учаскеде көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.

Сағат 12.30-дан «Қызылорда-Павлодар» (970-1135 км) тас жолындағы Қарағанды қаласынан Павлодар облысының шекарасына дейінгі учаскеде көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.

Сағат 12.50-ден Павлодар облысында ауа райының бұзылуына (боран, қар) байланысты Қарағанды облысында «Қызылорда-Павлодар» (1135-1205 км) тас жолындағы Шідерті кентінен Қарағанды облысының шекарасына дейінгі учаскеде көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.