Оған қоса, бұл лагерде «ақылы» негізде демалып жатқан балалар да бар.
Осылайша «Арман» лагері «астаналық» және «жетімдер» болып екіге бөлінген. Әйтсе де бүкіл демалушы балалар мұндағы жағдайдың мәз еместігін айтып отыр.
Неліктен олай айтқаны алғашқы минуттарда-ақ түсінікті болды. Себебі ойын алаңдары бос, балаларды еш қызықтыра алмаған.
Балалар мүмкіндігінше көңіл көтеріп жүр. Күндіз олар көлеңке іздеп, доп ойнайды, кешке 10 адамға арналған тымырсық бөлмелеріне кетеді.
Ыстық, шаңды күннен кейін балалардың душ қабылдайтын мүмкіндігі жоқ.
Бірнеше апта бойы балалар өркениеттің бұл жетістігін көрмейді. Бұл демалысты жалғастыруға ұмтылыс тудырмайды.
Ауыр антисанитария жағдайында жиһаздағы «Мұнда таза» деген сөздер, ондағы «тазалыққа жауапты адамның» қолтаңбасы мазақ сияқты көрінеді.
«Жетім балалар көп тамақ жейді»
Қыздардың бөлмесінен кепкен нан, печенье секілді денсаулыққа аса пайдасы жоқ түрлі тағамдардың бос құтыларын таптық.
Осыған қарап, балалардың тойып тамақ ішпейтінін аңғардық және бұл сұрақты төтесінен қойдық.
Балалар таңғы 8-де оянады, бірақ таңғы асты 10-ға қарай ішеді. Олардың бізге айтуынша, алдымен «ақылы» түрде демалатын астаналық балалар тамақтанады.
Содан кейін ғана қалған балаларды кіргізеді. Олар өз кезегін күтіп тұрғанда сыртта доп ойнайды немесе бөлмелерінде жатады.
«Бізде әлі таңғы ас болған жоқ. Өйткені Астанадан келген «үйі бар» балалардың тамақтанып болғанын күтеміз. Олардың отбасы бар. Ал біз балалар үйінен келгенбіз», - деді қыздардың бірі.
«Тағамдары дәмді ме?» деген сұраққа балалар хормен «жоқ» деп жауап берді.
«Кейде тұзы жоқ тамақ береді, одан тәбет жоғалады. Еті бар, бірақ өте аз. Ірімшік үнемі үстелге қойыла бермейді. Біздің келгенімізге бір ай боп қалды. Таңғы асқа сары май, ботқа береді, кеше шұжық берді», - деп бөлісті балалар таңғы ас кезінде.
Лагерьдің маусымдық басшысы Жанат Әбенова мәселені былай түсіндірді:
«Жетім балалар көп тамақ жейді, сондықтан олар асханаға соңғы болып кіреді. Қосымша тамақ үшін үш-төрт рет келеді. Сондықтан оларға көбірек беру үшін соңынан кіргіземіз».
Лагерь аспазы Гүлнар Досмағамбетова да балалардың тәбетіне таң қалған.
«Рацион бәріне бірдей. Астанадан келген балалар алғашында жартысын ғана жейтін, кейде мүлдем жемейтін. Үй тамағынан кейін осылай жүреді де, төртінші-бесінші күндері қалыпты көлемде жей бастайды. Балалар үйінің тәрбиеленушілері нанды да, ботқаны да қосымша сұрап отырады. Пісірген ботқамыз түгел таусылады», - дейді ол.
Аспаздар астаналық балаларды тамақтандырып жатқанда, біз ұлдардың қандай жағдайда тұрып жатқанын көрдік.
Ересек балалар лагерьде зерігеді. Олар негізінен сәбилерге арналған бассейнде шомылып жүр.
«Үлкен бассейн үш жыл бойы жөнделіп жатыр. Шамасы, қаражат проблемасы бар секілді. Сондықтан біз жасанды бассейн сатып алдық. Үлкен бассейн жартылай жасалды, бірақ қандай күйде екенін өздеріңіз көріп тұрсыздар», - деді маусымдық лагерь бастығы.
«Тендерге шығардық. Жөндеуге су жүйесін толығымен ауыстыру да кіреді. Бізде бассейн бар, әр 10 күн сайын суды ауыстырамыз. Көріп отырғаныңыздай, ашық ауада орналасқандықтан жапырақтар, ұсақ құм түседі. Алайда мұнда тазалау жүргізетін электр сүзгісі бар», - деді Астана қаласы әкімдігінің блалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығы директорының міндетін атқарушы Азамат Сәбитов.
Ойын алаңын шөп басып кеткен
Жасөспірімдер мұнда футболмен шұғылдана алар еді, бірақ мұндағы алаңды да арамшөп басып кеткен.
«Алаңқайды көрдіңіздер ме? Онда даладағыдай баскетбол мен футбол ойнауға болады. Шөп пен ескі сынған шығыршықтар бар, өзіміздің добымыз бар. Бірақ онда ойнау ыңғайсыз. Қақпасы бар, бірақ шөп басып кеткен», - деді балалар.
Жақында жаз мезгілі аяқталады. Жаңа оқу жылы басталады. «ARMAN» лагерінде демалған балалар құрдастарына не айтуы мүмкін?
Мұны жергілікті жазғы демалысты ұйымдастырушылардың ойлай қоюы екіталай, бірақ ойлануы керек.
Өйткені олардың тәрбиеленушілері өз демалысына, денсаулығы мен жағымды көңіл-күйіне ересектердің еш мән бермейтінін көрді.
Көргеннен соң төмендегідей тұжырымдар жасап алған:
«Өскенде баскетбол жаттықтырушысы болғым келеді. Бірақ бола алмайтын шығармын. Өйткені бәрін ақша шешеді, бұл қисынды да. Бір күні байдың ұлдың келеді де орныңды тартып алады. Бәрі әдеттегідей», - дейді балалардың бірі.
Неліктен ересектер осындай немқұрайдылыққа жол берді? Мәселенің бәрі сауықтыру лагерлерін тексеруге жарияланған мораторийде ме?
Әлде қарапайым жауапсыздықта, немқұрайлылықта және өскелең ұрпақты – ұлттың болашағын тәрбиелеу саласындағы мемлекет жұмысын қасақана бүлдіруде ме?
Құзырлы органдардың хабарлауынша, жазғы демалыс нысандарын тексеру тамыз айының соңына дейін жүргізіледі.
Тексеру нәтижесі туралы міндетті түрде кейінірек хабарланады.
Upd: Бурабайдағы «Самұрық» балалар лагері туралы біз жариялаған мақаладан соң Ақмола облысының санитариялық қызметі лагердің жай-күйін тексерді.
Ведомствоның хабарлауынша, аталған лагерьдің қызметін қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес тоқтату мәселесі қаралып жатыр.
Сондай-ақ, «Самұрықта» демалуға рұқсат етілген көлемнен екі есе көп балалар қабылданғаны анықталды, жас демалушылар еш әзірленбеген корпустарға орналастырылған.