Ақмола облысында соғым бағасы қандай

Ақмола облысында қазір мал семірткендер де, соғымдық мал іздегендер де қызу, қарбалас шақта. Қырдағы малшы қауым қыруар жем-шөбін жұмсап, еңбегін сіңіріп семірткен ақ адал малын қымбатқа сатқысы келсе, жалғыз жалақымен жан бағып отырған қала тұрғындарына жілігі татымдысы әрі арзаны керек.

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Осы ретте, Kazinform тілшісі өңірде жыл сайын осы кезде саудасы қыза түсетін соғым бағасын зерттеп көрді.

Өңірде биылғы жылғы мал бағасы былтырғымен салыстырғанда біршама өскен. Қара мал да, жылқы да. Бұл арада дүниені дүрбелеңге түсірген доллар бағасының қырық құбылуының еш қатысы жоқ. Көктемдегі ылғалдың аздығы және жаздың аптап ыстығы, одан қалды тамыз айының соңы мен қыркүйек айының басындағы толасыз жаңбыр мал ұстаған жанның қалтасын қаққаны анық. Сол себепті, бұл ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының өсуіне әкеліп отырған жайы бар. Соның ішінде соғым бағасына да үлкен әсер етті.

Атбасар ауданына қарасты Есенгелді ауылының тұрғыны Нұрбай Жүсіповтің айтуынша, бүгін сойып алуға әбден жарайтын, бармақ қазы беретін тайлардың бағасы 350 мыңнан бастап 450 мың теңгеге дейін. Баға арасындағы айырмашылық малдың бітіміне, күйіне байланысты. Егер арықтау тайларды табыннан ұстап екі ай семіртемін десеңіз онда 270-290 мыңға да сатып алуға болады. Құнан-байталдар 550-620 мың теңге арасында, ал, кебеже қарын ту бие, белді, жаялы бестілер 600-800 мың теңгенің шамасында. Жалғыз жылқы ғана емес, қара малдың да, қой-ешкінің де ахуалы осындай. Сойыс көтеретін қойды 35 мыңнан 65 мың теңгеге дейін сатып алуға болады. Көкшетауда қойдың бағасы орташа 60-80 мың теңге шамасында. Дегенмен, арық, кішірек тоқтыларды 50 мың теңгеге сатып жатқандар да бар. Ал, семіртулі тұрған ірі қойлардың құны 100 мың теңгеге жетіп қалады.

– Қалаға жақын ауылдар малын бұлдап сатады. Ал, шалғайдағы шағын ауылдардың дәл мұндай мүмкіндігі жоқ. Соғым іздеп, бейнет шегіп шалғайда жатқан малсақ қауымға кім бара қойсын. Дегенмен, малдың бағасы жем-шөбіне байланысты, ал, оның бағасы қазір күйіп тұр. Сол себепті, шалғайдағы ауылдағы ағайын да малын осы уақытта қымбатырақ сатып қалғысы келеді, – деп түсіндірді Нұрбай Жүсіпов.

Ақмол ауылының тұрғыны Сердәлі Әубәкіровтың айтуына қарағанда, бұл өңірде де мал бағасы өскен. Оған астаналық алармандар себепші болып отыр.

– Әдетте, соғым етінің дәмі жеген шөбіне, ішкен суына байланысты. Ал бізде сұранысына байланысты болып отыр. Астана жақын болған соң, сұраныс та жоғары. Елордалықтардың көбі жақын маңнан соғым іздейді, – дейді тұрғын.

Дегенмен, соғым бағасының сәл де болса түсуіне Ресейдегі ақшаның құнсыздануы да себепші болып отырған жайы бар. Қолы жеткендер түрлі амалын тауып Омбы, Түмен өңірінен арзан жылқыны мал базарына жеткізуде. Мұның елдегі мал баққан адамдарға аз да болса кесірі тисе, тұтынушы үшін арзан жылқының етін сатып алу да тиімді. Өйткені, қолдарындағы бірді-екілі жылқысын өтімді бағамен сата алмай, азабын көрген, бейнетін кешкен ел ақтылы малын арзанға беруге мәжбүр.

Көкшетауда бірнеше жылдан бері жылқы етін сатуды кәсіп еткен Арай есімді саудагердің айтуынша, Ресей жақтан әкелінетін жылқылардың еті дәмсіз көрінеді.

– Ресейден әкелінетін жылқылар көбіне «тяжеловоз» етті келеді. Жүк тасуға арналған жылқыны қанша семіртсең де қара кесек еті басым, дәмсіз келеді. Сосын кейбіреулері құрттың дәрісі сияқты түрлі укол салып семіртіп жатады. Бұл әрине, еттің дәміне әсер етеді. Тәжірибесі, тұрақты клиенттері барлар мұндайға еш уақытта бармайды. Менің тұрақты клиенттерім бар, мен оларға адал болуға тырысамын. Өйткені, бір көңілі қалған адам екінші айналып саған қайтып келмейді, бұл бизнестің заңдылығы, – дейді саудагер.

Кейіпкеріміз атап өткендей, Арқаның кең жазира даласында өскен он сан шөптің шүйгінін таңдап жеп, сексен көлдің мөлдір суын ішкен соғым еті шүйгін. Сондықтан да, қалталы аларманның құты осы өңірге түсіп тұр.

Айта кетсек, бұдан бұрын Көкшетауда өткен ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесінде 98 миллион теңгенің азық-түлік өнімі саудаға шығарылғанын жазған едік.