Экологиялық акциялардың біріне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов арнайы қатысып, Аршалы ауданындағы Астана су қоймасының жағалауында жүргізілген тазалық жұмыстарына қолдау білдірді. Өңір басшысы еріктілермен бірге жағалауды аралап, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жұмыстардың маңызын атап өтті.
Жаз мезгілінде өзен-көлдердің жағасы демалушыларға толады. Алайда табиғат аясындағы демалыстан кейін кейбір азаматтардың қалдырып кететін тұрмыстық қалдықтары экологияға айтарлықтай зиян келтіреді. Әсіресе елорданың негізгі ауыз су көзі саналатын Астана су қоймасының тазалығын сақтау ерекше маңызға ие.
Осыған байланысты тазалық жұмыстарының негізгі бөлігі дәл осы су қоймасының жағалауында ұйымдастырылды. Қолдарына қолғап пен қоқыс қаптарын ұстаған 150 ерікті жағалауды тұрмыстық қалдықтардан тазартты.
Астана су қоймасы – стратегиялық маңызы бар нысан. Сондықтан мұнда санитарлық талаптар қатаң сақталады. Су айдынының белгілі бір бөліктерінде шомылуға, демалуға және көлікпен кіруге тыйым салынған. Соған қарамастан, кейбір демалушылар ескерту белгілерін елемей, жағалауға заңсыз кіріп, от жағып, қоқыс қалдырып кетеді. Мұндай әрекеттер ауыз су сапасына ғана емес, жақын маңдағы егістік пен елді мекендердің қауіпсіздігіне де қауіп төндіреді.
-Бұл жұмыстар бізде жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Әсіресе су айдындары мен халық көп демалатын орындар ерекше бақылауда. Негізгі мақсат – қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыру. Табиғатқа жанашырлық таныту – әр азаматтың міндеті. Заң талаптары баршаға бірдей, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Өңір басшысы табиғатты қорғау талаптарын бұзған азаматтарға әкімшілік жаза қолданылатынын, ал қоршаған ортаға елеулі залал келтірілген жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын да еске салды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Аршалы ауданында жыл басынан бері тыйым салынған аумақтарда шомылғаны үшін 50-ге жуық әкімшілік хаттама рәсімделген. Сонымен қатар абаттандыру қағидаларын бұзып, қоқыс тастаған азаматтарға қатысты 400-ге жуық хаттама толтырылған.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, демалыс күндері бұл аумаққа Астанадан келетін демалушылардың саны айтарлықтай көбейеді. Соған қарамастан кейбір тұрғындар арнайы жабдықталған демалыс орындарының орнына су қоймасының жабық жағалауын таңдауды жалғастырып келеді. Ал ауданда Жібек жолы ауылындағы бассейндер мен Жалтыркөл көліндегі ресми жағажайлар демалушылар үшін қолжетімді.
Мамандардың айтуынша, су қоймасының тереңдігі де үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан рұқсат етілмеген орындарда шомылу адам өміріне қатерлі. Осыған байланысты өңірде полиция қызметкерлерінен құралған бірлескен мобильді топтардың бақылауы күшейтіледі.
Еріктілер табиғатты қорғау тек тазалық акцияларымен немесе айыппұл салумен шектелмеуі тиіс екенін айтады. Олардың пікірінше, ең маңыздысы – әр адамның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін қалыптастыру.
-Біз бұл жерге тек қоқыс жинау үшін келген жоқпыз. Басты мақсатымыз – адамдардың табиғатқа деген көзқарасын өзгерту. Әр адам демалған жерін таза қалдыруды әдетке айналдырса, мұндай ауқымды сенбіліктердің де қажеті азаяр еді, – дейді акцияға қатысушы Владислав Поддубный.
Экологиялық акция барысында Аршалы ауданындағы Астана су қоймасының жағалауынан 237 текше метр қоқыс шығарылды. Ал Целиноград ауданында және Қосшы қаласында өткен тазалық шаралары кезінде тағы 500 текше метрге жуық тұрмыстық қалдық жиналды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да ықпал етеді. Аршалы, Целиноград аудандары мен Қосшы қаласында өткен сенбіліктерге жүзден астам адам қатысып, туған өлкенің тазалығы үшін бірлесіп еңбек етті.