Ақмола облысында 2010 жылы инфляция деңгейі 7,4 пайызды құрады

КӨКШЕТАУ. 17 қаңтар. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Ақмола облыстық статистика департаментінің мәліметтеріне сәйкес, аймақ бойынша 2010 жылы инфляция деңгейі 7,4 пайызды құраған, республикалық орта көрсеткіш 7,8 пайызға тең.

Жалпы алғанда, азық-түлік тауарлары нарығында ұн мен жарма бағасы 15,3 пайызға, макарон өнімдері-3,5 пайызға, нан-1,3 пайызға, ет пен құс бағасы-14,4 пайызға, шұжық өнімдері-4,6 пайызға қымбаттап отыр. Жеміс пен көкөністер-21,3 пайызға, кондитерлік өнімдер-16,2 пайызға, қант-14,2 пайызға, май және тоң май-10,8 пайызға, балық және теңіз өнімдері-6,9 пайызға, сүт өнімдері-5,2 пайызға, жұмыртқа бағасы 2,6 пайызға артты.

Азық-түлік емес тауарлардан баспа өнімдері, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары, киім мен аяқ киім, ұзақ қолданбайтын тұрмыстық тауарлар, тұрмыстық жабдықтар едәуір қымбаттаған.