Ақмола облысында Ауған соғысы ардагерлері мен шейіт болған жауынгерлерге ескерткіш стела орнатылмақ (ФОТО)

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Еңбекшілдер ауданда Ауған соғысы ардагерлері мен шейіт болған жауынгерлерге ескерткіш стела орнатылмақ.

Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Бүгін аудан әкімі Асқар Қиықовтың қатысуымен Степняк қаласындағы орталық саябақтан орын төбетін ескерткіш стеланың орнына капсула қою рәсімі өтті. Шарада сөз сөйлеген аудан басшысы бұл игі істің маңыздылығына тоқталды. «Ауған соғысы жүрекке жазылмас жара салды. Отан алдында азаматтық борышын адал орындаған жауынгерлердің патриоттық сезімі мен ерлігі жас ұрпақтың бойына терең сіңіп, үлгі болып қалды. Осы сұрапыл соғысқа біздің жерлестеріміз де қатысты. Оның ішінде интернационалист жауынгерлер Николай Дрыгач, Валерий Боголюбов, Қабылмәжит Бекжанов, Эдмунд Гирш тәрізді жерлестеріміздің ерлігі біздің жадымызда мәңгі сақталған», - деді өз сөзінде аудан әкімі. Айта кетейік, Ауған соғысының ардагерлеріне арналған ескерткіш стеланы қараша айында ашу жоспарланып отыр.