Ақмола облысында Аумақтық жер инспекциясы басшысының үстінен жоспардан тыс тексеру жүргізілуде

АСТАНА. 31 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақмола облысы бойынша Аумақтық жер инспекциясы басшысының ҚР Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексінің талаптарын бұзу фактісі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізуде.

«ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақмола облысындағы Тәртіптік кеңестің төрағасы - Департамент басшысының 2013 жылғы 26 желтоқсандағы № 01-13/38 актісіне сәйкес, Ақмола облысы бойынша Аумақтық жер инспекциясында Инспекция басшысы Қ.Б. Бақбергеннің Инспекцияның хатшысы А.С. Изахметоваға дөрекі сөйлеуі және соққы жасауы арқылы ҚР Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексінің талаптарын өрескел бұзу фактісі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілуде»,-делінген ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінде.

Аталған факті бойынша жалғыз куәгер (толық аты жөнін көрсетпеуге сұраған) лауазымды тұлға болып табылады. Ол өз кезегінде 2013 жылғы 18 желтоқсан күні Инспекцияның басшысы Қ.Б. Бақберген мас күйде болып, Ар-намыс кодексінің талаптарын өрескел бұзып, Инспекцияның хатшысын А.С. Изахметованы балағаттағанын растады.

Бұдан басқа, Инспекцияның лауазымды тұлғаларының түсініктемесінен Қ.Б. Бақберген өзіне бағынышты қызметкерлерге дауыс көтеріп сөйлеуге жол бергені аныықталды.

Тексеру қорытындысы Тәртіптік кеңестің кезектен тыс отырысында қарастырылатын болады, онда Қ.Б. Бақбергенді қатаң тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады.