Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Полицейлердің мәліметі бойынша ағымдағы жылдың 10 желтоқсанында облыстық ІІД есірткі бизнесімен күресу бойынша бөлімше қызметкерлері жүргізген «Допинг» жедел алдын-алу шарасы барысында аса ірі көлемде есірткі саудасымен айналысқан 4 адамнан тұратын бүтін бір отбасы қолға түскен.
Тергеу амалдары барысында анықталғандай Сандықтау ауданындағы ауылдардың бірінде тұратын 67 жастағы әйел қылмыстық топқа өзінің екі қызы мен күйеу баласын (азаматтық некедегі) тартқан. Қылмыстың бетін ашып, айғақтарды жинау үшін аталған отбасы мүшелерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері 2 ай бойы бақылаған. Осы аралықта аталған отбасы мүшелерінің бірнеше рет есірткі сатқаны анықталды.
Кейін ұстаған кезінде үлкен қызынан 0,72 грамм есірткі заты тәркіленсе, «Дильма» есімді иісшіл ит пәтер ішінен 125,31 грамм героин тапты. Ал, есірткі затының негізгі бөлігі 67 жастағы әйелдің үйінен табылды. Қазіргі кезде барлық күдіктілер ұсталып, үстерінен аса ірі көлемде есірткі саудасымен айналысқаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Аталған заңнамаға сәйкес айыпталушылар 12-ден 20 жылға дейін сотталуы мүмкін.