08:44, 26 Наурыз 2009
Ақмола облысында көктемгі дала жұмыстарына Ұлттық қордан қаржы бөлінбек
КӨКШЕТАУ. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған мәліметтерге сәйкес ағымдағы жылы өңірде егіншілікті дамыту мақсатына мемлекет тарапынан 3,5 миллиард теңге, сонымен бірге көктемгі дала жұмыстарына Ұлттық қордан 6,7 миллиард теңге мөлшерінде қаржы қарастырылатын болады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Аймақта алдын ала жасалынған жұмыс жоспарына сәйкес 4 миллион 329 мың гектар алқапқа дәнді дақыл тұқымын егу көзделуде. Оның 89,1 пайызына азықтық дақыл себіледі. Қазіргі кезде қажетті 518 мың тонна тұқым қоры жинақталып, оның 90 пайызы себу деңгейіне жеткізілген. Биылғы жылы 37 мың гектар жерге майлы дақыл тұқымы себіліп, 18,3 мың гектарға картоп отырғызылады, 4,1 мың гектарда көкөніс өсіріледі, бұл жоспар өткен жылмен салыстырғанда едәуір ұлғайтылған. Егінішілікті ынталандыру мақсатында бірінші рет облыстық бюджеттен 220 миллион теңге бөлініп отыр. Бүгінде қолда бар 16 мың 986 трактор, 17 мың 817 тұқымсепкіш, 522 себу кешені ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізіліп, маусымдық жұмыстарға дайын тұр. Оның сыртында өткен жылы жаңадан 52 трактор мен 45 себу кешені сатып алынған болатын. Көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарына арзандатылған жанар-жағар май сатып алу мақсатында мемлекет тарапынан 2,1 миллиард теңге қаржы қарастырылды.