Ақмола облысында өткен жылы 5689 қылмыстық әрекет тіркелген

КӨКШЕТАУ. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Кеше, 12 қаңтарда Ақмола облыстық Ішкі істер департаментінде 2010 жыл қорытындысына арналған кеңейтілген кеңес өткізіліп, орын алған олқылықтар сарапталып, алдағы уақытта баса назар аударар тұстар айқындалды, жылдың үздік тәртіп сақшыларына сый-сияпаттар табысталды.

Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл ішінде 5689 қылмыстық әрекет тіркелген. Осы уақыт аралығында бұрнағы жылмен салыстырғанда ішкілік ішіп бұзақылық жасау, бұрындары жазасын өтеп келгендердің қатысуымен болған қылмыстар, экономика саласы бойынша, қоғамдық ортада тәртіп сақтамау, бөгденің көлігін айдап кету сынды жат қылықтардың өскені тіркелген. Дегенмен жыл ішінде мал ұрлығы-17,2 пайызға, аса ауыр қылмыс-13,7 пайызға, кісі өлімімен байланысты қылмыстар -29,4 пайызға, бұзақылық -3 пайызға кеміген. Кеңес барысында алдағы кезеңде жасөсіпірімдердің жат әрекетке баруының алдын алып, ұялы телефон ұрлығымен күресті күшейтуге ерекше назар аударылды.

Кеңесте жыл ішінде жақсы нәтижеге қол жеткізген Степногор қалалық, Ерейментау мен Шортанды аудандық ішкі істер бөлімдеріне «Үздік ішкі істер бөлімі», Рүстем Ахметовке (Зеренді) - «Үздік тергеуші», Қазбек Әміржановқа (Көкшетау) - «Пполицияның үздік учаскелік инспекторы» атағы берілді.