Ақмола облысында жол апатынан 66 жастағы ресейлік мерт болды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 'Астана-Ерейментау-Шідерті' тас жолының бойында жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 66 жастағы ресей азаматшасы опат болды.

Бұл туралы облыстық ІІД Жол-патрульдік полиция қызметінің кезекшілік бөлімінен хабарлады.

Қайғылы жағдайы кеше сағат 16:00 шамасында Целиноград ауданы аумағы арқылы өтетін "Астана-Ерейментау-Шідерті" тас жолының 39-шы шақырымында орын алған. Қатты жылдамдықпен келе жатқан шетелдік "Тойота" көлігі жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, жүк көлігімен соқтығысқан. Нәтижесінде жеңіл көліктің ішінде отырған 66 жастағы ресей азаматшасы оқиға орнында көз жұмған. Тағы бір жолаушы - 1979 жылғы әйел Астана қаласының ауруханасына жатқызылды.

Қазіргі кезде тексеріс жүргізілуде.