13:10, 04 Сәуір 2009
Ақмола облысында жыл басынан бері 168 өрт оқиғасы тіркелді
КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 4-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттен алынған мәліметтер бойынша өңірде жыл басынан бері 18 төтенше жағдай тіркеліп,
19 адам опат болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жыл ішінде аймақта 168 өрт оқиғасы орын алып, соның салдарынан 8 адам қаза тапты, экономикаға 120 миллион теңге зиян келтірілді. Тілсіз жау жалмаған нысандардың 80 пайызы тұрғын үйлер, ал оның басты себебі -жылыту маусымында сақтық амалдарын сақтамау, электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау. Осы уақытта 27 адам құтқарылып, 248 миллион теңгенің материалдық игілігі сақтап қалынды. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатымен бір мың 28 тексеріс жүргізіліп, қауіпсіздік ережелері мен амалдарының орындалмауына қатысты 764 лауазымды қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 129 адам жұмыстан босатылды. Құзырлы қызметтерінде жіберілген кемшіліктерге орай 763 тұлғаға 6 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салынды.