Кеңесте облыс басшысы алдымен мезгілсіз қайтыс болған Көкшетау қаласының әкімі Жомарт Нұрғалиев туралы жақсы сөздер айтып, марқұмды бір минуттік үнсіздікпен еске алды. Бұдан кейін Ақмола облысының қатысуымен Астана қаласында өткен кезекті азық-түлік жәрмеңкесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін барлық аудан және қала әкімдерінің атына және басқармалар мен ведомство басшыларына алғыс білдірілді. Елорда әкімдігінің бас алаңында ұйымдастырылған жәрмеңке жөнінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров хабардар етті.
- Елордада өткен Ақмола облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне 17 аудан мен 2 қаладағы барлық шаруашылықтар қатысты. Жәрмеңкеге жалпы құны 225 миллион теңгені құрайтын 506 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері әкелінді. Оның ішінде 85 тонна ет өнімдері, 190 тонна картоп бар. Елорда базарларындағы бағадан біздің өнімнің құны 15-20 пайызға төмен болды. Сонымен қатар осынау жәрмеңке аясында "Бауырсақ фестивалі" және "Айран тойы" ұйымдастырылды. Әсіресе, облысымыздағы шығармашылық ұжымдардың ұсынған концерттік бағдарламасы астаналықтардың көңілінен шықты, - деді өз сөзінде Қадырхан Отаров.
Еске сала кетсек, Астана қаласының төңірегіндегі азық-түлік белдеуіне Ақмола облысы да кіреді. Өңір бүгінгі таңда елорданы ет өнімдерімен - 42, сүт өнімдерімен - 45, жұмыртқамен - 100, картоппен - 98 пайызға қамтамасыз етіп отыр.
Бұдан кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Аманбек Қалжанов күзгі егін орағы науқанын ойдағыдай аяқтау мәселесі жөнінде баяндап берді. - Қазан айындағы жауын-шашын астық бастыру жұмыстарына қолбайлау болды. Дегенмен, егін алқаптарының 98 пайызында жиын-терім жұмыстары аяқталды. Облыс бойынша әлі де 150 мың гектар алқаптың егіні қалды. Әсіресе, орақ жұмыстары Сандықтау, Зеренді, Бурабай және Целиноград аудандарында көңіл қуантарлықтай емес. Дегенмен, ауа райы қолайлы болса, 3-4 жұмыс күні ішінде өңірдегі астықты толығымен жинап аламыз, - дейді Аманбек Қалжанов.
Осы ретте, облыс басшысы ауа райының жылықабақ танытқанын тосып отырмай, жұмысы ақсап тұрған аудандарға көмек қолын созып, осы аптаның ішінде науқанды толықтай аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, аппарат кеңесінде "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" Ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы облыстық өкілдігінің қарыздарын қайтару мәселесі де айтылды.
Облыс әкімі Сергей Кулагин өздеріне тиесілі міндеттерін атқаруда сылбырлық танытып отырған "Есіл" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" акционерлік қоғамы басқармасының жұмысын орынды сынға алды. Өңір басшысы бұл орайда көп нәрсеге көңілі толмайтындығын жасырмады және қол астындағы басшылардан жұмысты жақсартуды, ол үшін алдымен жауапкершілікті күшейтуді талап етті. Бір сөзбен айтқанда, бұл жолы "Есіл" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" акционерлік қоғамы басқармасының жұмысы жөнінде біраз жайттар сөз болды. Оның өзіндік себептері де бар. Мәселен, "Есіл" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" акционерлік қоғамының басқарма басшысы міндетін атқарушы Казимир Молдабековтың басқарма жұмысы жөнінде жасаған хабарламасынан-ақ көптеген сауалдар туындады.
Басқарманың жұмысын облысы әкімі осыдан тура жарты жыл бұрын сынға алып, олқылықтарды жою жөнінде уақыт берген болатын. Содан бері талай уақыт өтсе де, оң өзгеріс байқалмайды. Бұл жолы да басқарманың басшысы ауырып қалды деген сылтаумен аппарат кеңесіне келуден бас тартқан көрінеді. Оның міндетін атқарушы Казимир Молдабеков нақты айтары аз болып, жалпылама сипатқа бой ұрды. Осы орайда, шығыннан көз ашпай жүрген басқарма басшысына айтылған сын өзгелерге үлкен сабақ болатындығы анық. Облыс әкімі Сергей Кулагин өзінің орынбасарларына арнайы жұмыс тобын құрып, басқарманың жұмысын бүге-шүгесіне дейін тексеруді тапсырды. Сонымен қатар басқарма басшысының міндетін атқарушы Казимир Молдабековке жыл соңында осы мәселелер бойынша қатаң сұраныс болатындығын, мұндай көзқараспен жұмыс істеуге болмайтындығын қадап айтты.