Ақмола облысының ішкі саясат мәселелері алқа мәжілісте талқыланды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Өткен жылы Ақмола облысында иделогия саласында 120 мыңнан астам шара өткізілді.

Бұл туралы Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының алқа мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтің төрағалығымен өткен шараға облыс аудандарының және Степногорск, Көкшетау қалалары әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. 
 

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова өз баяндамасында облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы, ондағы жарияланған материалдардың шығуы, мемлекеттік сатып алулар мәселелері, электронды БАҚ-тардағы мақалалардың сапасы мен үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы жайында айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, облыс БАҚ-тарында Елбасының саясатын жүзеге асыру, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау бойынша материалдар жүйелі беріліп тұрады. Еліміз үшін 2016 жыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен есте қалды. Мерейлі мереке жылында Ақмола облысының ішкі саясат саласында 120 мыңнан астам іс-шара өткізіліпті.

 

Сонымен қатар, шара барысында Ақмола облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ринат Галлямов пен дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Қасеновтің және ҰҚК Ақмола облысы бойынша департаментінің қызметкері Сергей Черемневтің баяндамалары тыңдалды.

 

Осы ретте, алқа мәжілісін қорытындылаған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов үкіметтік емес ұйымдармен жұмысты жандандыруды, жастар саясаты мәселелеріне қаражатты тиісті деңгейде бөлуді, экстремизм мен терроризмге қатысты, дін саласына байланысты тиісті жұмыстарды уақытында және нәтижелі жүргізуді тапсырды.