Ақмола ормандары: Жаңа ұлттық парк, миллиондаған көшет, өрттен қорғайтын жүйе

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысында орман өсіру ісі жылдар бойы дамып, бүгінде ғылыммен тығыз байланысқан жүйеге айналды. Бір кездері алғашқы орман шаруашылығы мекемелері құрылған бұл өңірде қазір көшет өсіруден бастап сирек ағаштарды сақтауға дейінгі толық ғылыми цикл жолға қойылған. Зертханалар мен автоматтандырылған жылыжайларда жыл сайын миллиондаған жас ағаш өсіріліп, кең далаға егіліп жатыр. Ал ұлттық парктерді қорғау ісі заманауи бақылау жүйелері арқылы күшейтілген.

Фото: Видеодан алынған скрин

Бұл аптада Jibek Joly телеарнасының «Экоаудит» бағдарламасы Ақмола облысының орманын түгендеуге келді.

Орман ғылымы қалыптасқан өлке

Ақмола облысын Қазақстандағы орман шаруашылығының отаны деуге болады. Өйткені еліміздегі орман қорын қорғауға арналған алғашқы мемлекеттік мекеме осыдан 128 жыл бұрын дәл осы өңірде құрылған. Орман өсірудің ғылыми әдістемесі мен құқықтық негіздері де осында қалыптасты. Сонымен қатар 70 жылдан астам тарихы бар агроорман мелиорациясы ғылыми-зерттеу институты да осы аймақта орналасқан.

Әлихан Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорациясы ғылыми-зерттеу институты – топырақтың құрамын, құнарлылығын, тұздылығы мен сілтілігін зерттеп, белгілі бір аумаққа қандай ағаш пен өсімдік түрлерін отырғызуға болатынын анықтайтын еліміздегі бірегей ғылыми орталық.

Фото: Видеодан алынған скрин

Бұл институт топырақты зерттеп қана қоймайды. Ғалымдар ағаш тұқымдарын өсіріп, жабайы ағаштар мен бұталардың жаңа сұрыптарын шығарады. Оларды микроклондық әдіспен көбейтеді. Зертханадағы шыны құтылардың түбіндегі қоректік ортадан бір-бір алып бәйтеректер өсіп шығады.

– Қоректік ортаға макро және микроэлементтер, өсу гормондары, кинетин, биотин секілді биологиялық белсенді заттар қосылады. Ал тамыр жүйесінің қалыптасуы үшін индолил майы және индолил сірке қышқылдары пайдаланылады, – дейді зертхана меңгерушісі Мейіржан Дәуленова.

Фото: Видеодан алынған скрин

Бұл институтта көшеттер зертханалық жағдайда ғана өсірілмейді. Арнайы жылыжайларда да ағаш тұқымдары себіледі. Мұндағы температура, ылғалдылық және желдету жүйелері толық автоматтандырылған. Қажетті режимді мамандар бірнеше батырма арқылы басқара алады.

Мәселен, мына қарағай көшеттері небәрі 20 күн бұрын егілген. 81 ұяшықтың шамамен 70-інде өскін пайда болған. Осындай технологияның арқасында мұнда жыл сайын 1 миллионға дейін қарағай көшеті дайындалады.

Жаңа ұлттық парк құрылуы мүмкін

Ақмола облысының жері шұрайлы, топырағы құнарлы. Территориясының тең жартысы қалың ну. Бүгінде облыста орман шаруашылығына жауапты 23 мекеме жұмыс істейді. Алдағы жылдары олардың қатарына тағы бір ерекше қорғалатын табиғи аумақ қосылуы мүмкін. Бұл жоба іске асса, туристер үзілмейтін Көкшетау мен Бурабай ұлттық парктеріне түсетін жүктеме едәуір азаймақ.

Фото: Видеодан алынған скрин

Ақмола облысының жалпы орман қоры 1 млн 59 мың гектардан асады. Оның 519 мың гектары орманмен көмкерілсе, 539 мың гектардан астамы ормансыз алқап саналады. Қазір өңірде Бурабай, Көкшетау және Бұйратау мемлекеттік ұлттық табиғи парктері жұмыс істейді.

– БҰҰ бағдарламасы аясында «Түкті» ұлттық табиғи паркін құрудың ғылыми негіздемесі жасалды. Қазір ғылыми негіздеме қоғамдық талқылау, тыңдаулардан өтеді. Әрі қарай қоғам қажет деп тапса, техникалық-экономикалық негіздеме жасалып, 2027-2028 жылдары «Түкті» МҰТП құрылады, – дейді Ақмола облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Бауыржан Асылжанов.

Фото: Видеодан алынған скрин

Орманды қорғау жұмыстары да үздіксіз жүргізіліп жатыр. Арнайы техника орман алқаптарының шетіне минералды жолақтар тартады. Бұл табиғи аумақ пен адам әрекетінің арасындағы шекара іспетті. Өйткені орман маңына от жағып, шоқ тастап кететіндер кездеседі. Кей тұрғындар малын да осы аумақтарға жаяды.

Минералды жолақ өрттен толық қорғай алмағанымен, тілсіз жаудың кең аумаққа жайылуына жол бермейді. Қайың мен қарағай аралас өскен мұндай қалың орман Қазақстанның басқа өңірлерінде сирек кездеседі. Сондықтан орманшылар табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру үшін тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді.

Фото: Видеодан алынған скрин

2 млрд ағаш егу тапсырмасы қалай орындалды

Ел Президенті бастамашылық еткен 2 миллиард ағаш егу бағдарламасы аясында Ақмола облысында 214 миллионнан астам көшет егілуі қажет еді. Қазір олардың шамамен 70% тамыр жайып, өсіп келеді.

2021-2027 жылдарs облыста 42 мың гектардан астам аумаққа 214 миллион 410 мың көшет отырғызу жоспарланған. Ал 2021-2025 жылдары 24 мың гектардан астам жерге 113 миллионнан астам көшет егілді.

Фото: Видеодан алынған скрин

Бес жыл бұрын отырғызылған алғашқы көшеттердің бойы биіктеп, діңі жуандаған. Ал екі жыл бұрын егілгендері көк майсадан көрінбей тұр. Ылғалы мен құнары мол жердің арамшөбі де көп. Арықтың сыртындағы қаулаған шөп жас көшетті күннен көлегейлеп, қорғаса, ішіндегісі – тамырын қысып, өсірмейді. Сондықтан орманшылардың қолынан ала жаздай кетпен түспейді.

Орман өсіруде арнайы құралдар да пайдаланылады. Соның бірі – «Колесов қылышы» деп аталатын күрек түрі. Бұл құрал қарағай көшеттерін отырғызуға арналған. Мамандар көшеттің тамырын құрғатып алмау үшін оны салқын жағдайда сақтап, отырғызғаннан кейін түбін нығыздап бекітеді. Осындай күтімнің арқасында жас ағаштардың жерсіну мүмкіндігі артады.

Фото: Видеодан алынған скрин

Тұқымбақ – орманның алтын қоры

Бұл – Бурабайдағы тұрақты орман тұқымбағы. 1960 жылдан бері бір сәтке де тоқтаған емес. Мұнда жыл сайын түрлі оқу орындарынан келген студенттер тәжірибеден өтіп, орманшылардың жұмысына қолғабыс етеді.

– Студенттер келгенде қол ұзарып, қуанып қаламыз. Олар бізге көп көмектеседі. Ағаш егу, тұқым себу жұмыстарын бірге жүргіземіз. Тәжірибе кезінде осы мамандыққа қызығып, оқуын аяқтаған соң біздің ұжымға қосылып жататын жастар да бар, – дейді «Бурабай» МҰТП орманды қалпына келтіру жөніндегі инженері Әлия Әбдірахманова.

Фото: Видеодан алынған скрин

Әлия Әбдірахманова орманшылар әулетінен. Әкесі де, екі ағасы да осы салада тер төккен. Төртеуінің еңбек өтілін қосқанда 100 жылдан асады. Қатаркөл орманшылығында қарапайым орман шебері болған маман бүгінде инженерлік қызмет атқарады. Оның айтуынша, Бурабайда баяғыдан орман шаруашылығының өз мектебі қалыптасқан.

Орманның болашағы тұқымнан басталады. Қайың, қарағай, сексеуіл, қарабарақ секілді өсімдіктердің тұқымдары алдымен сұрыпталып, арнайы жағдайда сақталады. Мұнда тіпті Арал теңізінің құрғаған табанынан жиналған өсімдіктердің тұқымдары да жеткізілген.

Фото: Видеодан алынған скрин

«Сексеуіл – керуен жолындағы көк майса» деген жазуы бар бұл ғимаратта еліміздегі ағаш және бұта тұқымдарын сақтайтын жалғыз тұқым банкі орналасқан.

– Мұнда қайың, қарағай, үйеңкі және өңірлерде өсетін көптеген өсімдік түрлерінің тұқымдары сақталады. Олар қысқа және ұзақ мерзімді қорға қойылады. Ұзақ мерзімге сақталатын тұқымдар 20 жылға дейін жарамды. Бұл – арнайы тексеруден өткен, аурудан таза, сапасы жоғары тұқымдар. Сондықтан оларды еліміздің стратегиялық қоры деуге болады, – дейді Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығының бас директоры Әліби Ғазизұлы.

Фото: Видеодан алынған скрин

Бурабайды өрттен қорғайтын жүйе

Бурабайда туризмнің түр-түрі дамыған: Былтырдың өзінде 1,3 млн адам саяхаттап келіпті. Олар Оқжетпес, Бөлектауға жаяу көтеріліп, Көкшенің сұлулығына көз қарықтырса, су көлігімен Шортандыны шарлағаны қаншама. Біразы шипажайларда жатып ем алған. Бір қатары атқа отырып сейілдеп, маралдардың мүйізінен сипаған.

Табиғатты қорғауда да Бурабай озық тәжірибесімен ерекшеленеді. Орман өртін ерте анықтайтын бейнекамералар елімізде алғаш рет осы жерде орнатылды. «Smart Burabay» жүйесінің арқасында соңғы алты жылда өрт қауіпсіздігін бақылау айтарлықтай жақсарған. Заңсыз ағаш кесу, аң-құс аулау және табиғатқа зиян келтіру деректері де азайған.

Фото: Видеодан алынған скрин

– Жүйе құрамында 21 антенналық құрылғы жұмыс істейді. Оның 14-і өртті бақылауға арналған. Төртеуі көл жағалауын, үшеуі қорғалатын аумақтарды қадағалайды. 2020 жылдан бері іске қосылған жүйе мамандардың жұмысына елеулі көмек көрсетіп келеді, – дейді «Бурабай» МҰТП орманды қалпына келтіру және ұтымды пайдалану бөлімінің жетекшісі Мереке Жүнісов.

Соған қарамастан, өңірде өрт қаупі толық сейілген жоқ. Биыл облыстың орман қорында 10 өрт тіркеліп, жалын 11 мың гектардан астам аумақты шарпыды. Оның 2800 гектары –орманды алқап.

Орманның ең үлкен жауы – өрт. Әсіресе таулы аймақтардағы жалынды ауыздықтау қиын. Мұндай жағдайда тікұшақтар Зерендідегі су қоймаларынан су алып, өрт ошақтарына тасымалдайды. Ақмола облысында орманды әуеден қорғайтын үш авиациялық бөлім жұмыс істейді. Олар 680 мың гектар аумақты көктен күзетеді. Алыстан түтін көрсе бірінші жетеді. Тұтанған оттың ошағына барып тұншықтырады. Қызыл жалын бой бермей бара жатса да, қанатымен су сепкен қарлығаштай безек қағады.

Өрт сөндіргіш пойыздар

Ақмола облысында орман өртін сөндіруге тікұшақтар ғана емес, пойыздар да жұмылдырылады. Мұндай өрт сөндіргіш құрамдар еліміздің 13 өңірінде бар. Әр пойыздың екі үлкен цистернасына 100 тоннаға дейін су сияды. Ал арнайы құбыр жүйесінің көмегімен теміржолдан 1 шақырым жердегі өртті сөндіруге мүмкіндік бар. –

Өрт сөндіру пойызының экипажы кез келген уақытта төтенше жағдай орнына аттануға дайын. Мұнда қызметкерлердің тәулік бойғы кезекшілігі ұйымдастырылған.

Фото: Видеодан алынған скрин

– Біз күнделікті кезекшілік атқарып, дайындық жұмыстарын жүргіземіз. Төтенше жағдайлар министрлігінен сұраныс түскен кез келген жерге көмекке барамыз. Өрт сөндірумен қатар, құрам толық автономды жұмыс істеуге бейімделген, – дейді «ҚТЖ» көпфункционалды қызмет көрсету орталығы басшысының орынбасары Жанат Әбуов.

Өңірде өрт қауіпсіздігін күшейту үшін техникалық жарақтандыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Лизинг бағдарламасы аясында Ақмола облысының орман шаруашылығы мекемелеріне өртке қарсы 85 техника сатып алынған. Оның ішінде 24 өрт сөндіру автокөлігі, 30 трактор және 31 шағын орман патрульдік кешені бар.

Сонымен бірге, Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі өртке қарсы 61 техникамен жабдықталған. Оның құрамында 17 КамАЗ өрт сөндіру көлігі, 16 трактор және 28 шағын орман патрульдік кешені бар.

Ақмоланың сирек өсімдіктері

Жалпы «Көкшетау» ұлттық табиғи паркінде өсімдіктің 624 түрі өседі. Соның 80-і сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлер санатына жатады. Ал 18 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Олардың қатарында сарғылт кестежусан, Еділ жанаргүлі, Бұғы кладониясы, Фукс сүйсіні және Шатырша қысшылшөп сияқты көпшілікке беймәлім өсімдіктер бар. Солардың бірі – қауырсын қау. Бұл кәдімгі ақселеудің Қызыл кітапқа енген сирек түрі. Үлпілдек өсімдік негізінен Зеренді мен Бурабай өңірлерінде кездеседі.

Фото: Видеодан алынған скрин

Ұлттық парк ғалымдары сирек өсімдіктердің таралуын зерттеп, оларды қорғауға ерекше көңіл бөледі. Тіпті Зеренді, Шалқар және Имантау көлдеріндегі микробалдырлардың құрамына ғылыми талдау жасайды.

– Көл тазалығының ең басты индикаторы – шаянтәрізділер. Көкшетау табиғи паркі аумағындағы көлдердің ішінде ең тазасы – Имантау көлі, – деп түсіндірді «Көкшетау» МҰТП инспекторы, экология ғылымдарының PhD докторы Ерлан Жұмай.

Ал арша өсетін жердің ауасы таза әрі хош иісті болады. Одан бөлінетін фитонцидтер зиянды бактерияларды жойып, топырақты эрозиядан қорғайды. Сондықтан халық медицинасында арша «жасыл дәріхана» деп аталады.

Ақкөл орманындағы аршалардың кейбірі 80 жылдан астам уақыт өсіп келеді. Сондай-ақ мұнда Ақмола облысындағы ең ірі орман тұқымбағы орналасқан. Аумағы 40 гектарды құрайтын тәлімбақта су үнемдеу технологиясы қолданылады. Жыл сайын мұнда қарағай, қайың, үйеңкі, емен және қарағаштың 2 миллионға жуық көшеті дайындалады. Орманшылар соңғы жылдары көшеттерді құтыда жылдам өсіру тәсілін енгізіп отыр.

Фото: Видеодан алынған скрин

– Бұл – біздің контейнерлік алаңқайымыз. Биыл пирамида тәрізді теректі осы жаңа технология арқылы өсіріп көрдік. Әдіс өзінің тиімділігін дәлелдеді. Өнімділігі жоғары, ал шығыны аз. Көшеттердің 90% тамыр жайып, тез өседі. Құтыда тамыр жүйесі бүлінбей сақталады. Сондықтан оларды кез келген жерге оңай отырғызуға болады. Тамыры өз топырағымен бірге сақталатындықтан, жаңа ортаға тез бейімделеді. Бір жылдың ішінде биіктігі 1-1,5 метрге дейін жетеді, – дейді Ақкөл орман шаруашылығының директоры Александр Белоусов.

Ақкөл ормандары Астананың Жасыл белдеуімен жалғасып кеткені қашан. Елорданың айналасы 102 мың гектар – қолдан егілген қалың қорғанға айналды.

– Жасыл аймақ 8 орманшылықтан тұрады. Оның құрамында 2 орман тәлімбағы бар. Аққайың тәлімбағында орбаритум орналасқан. Сол жерде біз 100-ден астам ағаш түрін егіп, соның ішінде 28 түрін іріктеп алдық. Негізінен қарағай, қаратал, шегіршін сияқты өңірге тән ағаш түрлері өсіріледі. Сонымен қатар, қарақат, қараған секілді бұталы өсімдіктер де бар, – деді «Жасыл Аймақ» РМК бас директорының м.а. Мәди Нұрпейісов.

Бұрын Астана айналасында орман жоқта мұндағы климат қатал еді: қыста қақаған аяз бен бет қаратпас боран, жазда аптап ыстық пен аңызақ жел жиі болатын. Бүгінде бұл көрініс айтарлықтай өзгерді. Қала маңына ағаш отырғызылып, жасыл белдеу бой көтерген соң табиғаттың мінезі де жұмсарды. Астананыңі айналасы көктеп, көркейіп, бұрынғы суық кейпі өзгерген әсем қалаға айналды. Бұл орманның тек табиғатты емес, тұтас ел өмірі мен климатын өзгерте алатын құдіретін айқын көрсетеді.

Фото: Видеодан алынған скрин

Бұған дейін «ECO аудит» жобасы Түркістан облысындағы экологиялық мәселелер мен Сырдария экожүйесіне қандай қауіп төніп тұрғанын көрсеткен еді.

Сондай-ақ, Қарағандының жасыл белдеуі, Қарқаралы қарағайы, Бұйратау бизондары мен жаңа үйеңкі алқабы туралы шолу шықты.