Ақмолалық полицейлер балалар үйінің тәрбиеленушілеріне велотренажер сыйлады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалық полицейлер балалар үйінің тәрбиеленушілеріне велотренажер сыйлады. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл жолы құқық қорғау органдарының қызметкерлері Сандықтау балалар үйінің тәрбиеленушілерін бір қуантып тастады. Аталған игі шара Елбасының Жолдауынхалық арасында түсіндіру бойынша ІІД қызметкерлерінен құралған ақпараттық-насихаттау тобының жұмысы барысында жүзеге асырылып отыр.

Еске сала кетсек, ІІД қызметкерлерінен құралған ақпараттық-насихаттау тобы ведомство басшысы, генерал-майор Жайлаубек Халықұлының бастамасымен құрылған. Жоспар бойынша алдағы бірнеше күннің ішінде топ мүшелері Сандықтау ауданынан бастап, Атбасар, Жақсы, Есіл және Жарқайын аудандарында болып, Елбасы Жолдауында айтылған жаңа Қазақстандық патриотизмді насихаттап, ішкі істер органдарының оң имиджін қалыптастыру жөнінде түсіндіру бойынша лекциялар оқитын болады.

Сонымен қатар, аудандық ІІБ жеке құрамы, қылмыстық атқару жүйесі, өрт сөндіру бөлімі және ішкі істер органдарының ардагерлерімен кездесу өткізу жоспарланған.