Ақмолалық жастар діни ағымдар туралы мағлұмат алды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Теріс діни ағымның құрбаны болатындардың басым көпшілігі - діни сауатсыз жастар. Бұл туралы Көкшетауда «Зерделі ұрпақ» жастар қоғамдық бірлестігінің «Жастар - Отанға» жобасы шеңберінде «Еріктілер мектебі» тыңдаушыларына өткізілген семинар- тренинг барысында айтылды.

«Дәстүрлі діндердің діни құндылықтарын түсіндіру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру» жобасы мен «Дәстүрлі емес діни ағымдар және жастар» тақырыбында өткен шараға «Зерделі ұрпақ» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айжан Мұхаметалиева, психолог Екатерина Кургина, «Жас Отан» жастар қанатының белсенді жастары және «Еріктілер мектебінің» тыңдаушылары қатысты.

Семинар жұмысын ашып, жүргізіп отырған А.Мұхаметалиева дәстүрлі емес діни ұйымдар жайлы қысқаша ақпарат ұсынды. Оның айтуынша, теріс діни ағымның құрбаны болатындардың басым көпшілігі - діни сауатсыз жастар. Сол себепті де діни экстремизм көріністерінің алдын алу бағытындағы жұмыстарды одан әрі ширата түскен маңызды.

«Жастар тәрбиесі қай заманда да қоғамның өзекті тақырыбына айналған. Бүгінгі өскелең ұрпақты ата-салты мен дәстүрінен алшақтататын адастырушы ағымдардың айы оңынан туып тұр деуге болады. Мұның салдарынан бұрын баласы дінге берілсе қуанатын ата-ана қазір қорқатын дәрежеге жетті. Тек жат пиғылды ағымдардың жетегінде кетпей ақ пен қараны ажырата алған жөн. Осы ретте ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы бұл діни бірлестіктердің заңды түрде жүргізілуіне және кейбір тіркелмеген ошақтардың жабылуына мүмкіндігін тигізіп отыр», - деді А.Мұхаметалиева.

Ал психолог Екатерина Кургина болса, «Қуанарлық жағдай, ол - діннің қайта оралуы. Өкінішке орай, дін ағымдарының теріс жақтары туындауда. Сондықтан ата-бабаларымыз ұстанған дінді құрметтейік, себебі ол - ақ жол, ақиқат жолы», - дей келе жастармен тренинг өткізді.

Сонымен қатар, мамандар жастардың дәстүрлі емес діндерге өтулерінің әлеуметтік және психологиялық себептерін атап көрсетті. Осы бағытта болашақ мектеп бітіруші жастарға діни ағымдар жөнінде кеңінен мағлұматтар беріліп, бейнероликтер көрсетілді.