Аудан орталығы Бадамшада аудан тұрғындарының қатысуымен жиын өтті. Облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқар Көкеев ақпараттық топтың негізгі мақсатын айтты.
- Қазан айында республикалық топ облыста жеті бағыт бойынша жұмыс жүргізгенін көпшілік жақсы біледі. Топтың құрамындағы мамандар Ақтөбе қаласы мен бес ауданға барды. Көптеген мәселелерді шешуге ықпал етті. Ал репсубликалық топ бармаған өңірлерге облыс әкімдігінің тапсырмасы бойынша облыстық топ аттанып отыр. Бүгінгі күнге дейін Әйтеке би, Ойыл, Байғанин, Ырғыз аудандарын араладық. Мақсатымыз - халыққа мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпарттық көмек көрсету, түсіндіру жұмысын жүргізу.
Сондай-ақ жастарға тренингтер және селолық округ әкімдерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер ұйымдастырып жатырмыз. Осы кезге дейін түсіндіру жұмыстарына 2596 адам қатысты. Төрт аудан бойынша 424 жас оқыды, - деді Асқар Көкеев.
Сондай-ақ жиында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Дана Бекбауова корпорацияның мүмкіндіктерін таныстырды.
- Мақсат - еліміздегі агроөнеркәсіп кешенін дамыту, осы ретте қолжетімді несиелеу жүйесін жетілдіру. Қазіргі күні бұл саланы жандандыру үшін мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып жатыр, - деген филиал директоры «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының тиімділігін айтып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Аудан әкімінің орынбары Ерлан Блиеев ауыл шаруаларының басындағы проблемаларды көтерді.
- Ауылдағы кәсіпкерлер қаржы институттарынан ақша алу арқылы мал сатып алып, оны өсіріп, кәсібін дөңгелетуге ынталы. Қазіргі күні осылай шаруасын дамытып отырған азаматтар бар. Алайда олардың көпшілігі қаржыны алып, малды сатып алуға келгенде ветеринарлық қауіпсіздікті сақтау үшін көмекке зәру болады. Себебі олардың барлығы зоотехник немесе мал дәрігері емес. Ресейден немесе шетелден мал әкелгісі келеді. Бірақ малды тексеріп, нақты көмек беретін мамандар таппайды. Себебі ауданның өзінде мал дәрігері жеткіліксіз. Олар күнделікті атқарып отырған жұмысын тастап, кәсіпкердің шаруасына кете алмайды. Осындай қиындықтарға байланысты кейбір шаруалардың сатып алған малынан ауру шығып, қаржының желге ұшқан кездері де болған. Сондықтан қаржы институттары тарапынан болсын немесе өзге де бағыттан болсын, шаруаларға ветеринарлық көмек көрсетілсе, қаржы мақсатты жұмсалар еді, - деді аудан әкімінің орынбасары.
Дана Бекбауова бұл мәселенің орынды екенін, тиісті орындарға жеткізетінін айтты.
Сондай-ақ жиында «Смеда» қоғамдық бірлестігінің басшысы Абай Мырхин бизнесті бастау және қаржыны тиімді пайдалануға қатысты кеңес берді. Осы бағыттағы проблемаларды ортаға салды.
- Бизнесті бастаймын деген адамға қазір мүмкіндік мол. Бірақ біздің азаматтардың көпшілігі жеңіл пайда тапқысы келеді. Аудандарды аралағанда байқағаным, шағын кәсіп ашқысы келетіндер үлкен көлемдегі қаржыны сұрайды. Есептей келе ол іске сол қаржының жартысы ғана жұмсалатынын анықтаймыз. Ал қалған қаржыны не мақсатта пайдаланбақсыз деген сұраққа той жасау немесе үй салуға жұмсағысы келетінін айтады. Сондықтан азаматтар нақты жоспармен келгені жөн, - деді Абай Мырхин.
Жиында облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы Жексенбай Князов, облыстық прокуратураның аға прокуроры Жұмабек Ізғалиев, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе филиалының несие менеджері Серік Ниетов ауыл азаматтарының сұрақтарына жауап берді. Оның ішінде негізінен несие алу, субсидия, кепілге зат қою секілді мәселелер жиі көтерілді.
Ілгеріде Херсон, кейінгі жылдары Ақжайық атанған ауылдың тұрғыны, мал шаруашылығымен айналысатын Ғани Мұхамбетов жол бойынан кемпинг ашқысы келетінін айтып, кеңес сұрады.
- Ақтөбе - Орск тасжолының бойынан, яғни Ақтөбе, Хромтау, Орск жолының қиылысатын тұсынан кемпинг ашсам деген жоспарым бар. Бұл маңда қысы-жазы көлік ағылып жатады. Келер жылы тасжол жөнделсе, тіпті көбейеді. Алайда бұл аймақта жолаушылардың тынығатын, көліктерін жөндейтін арнайы орын жоқ. Осы мәселені қолға алмақ болып, сұрастыра келгенде ол жердің иесі бар екенін естідім. Егер тиісті орындар мәселені шешіп, жер берсе, несие алуға жағдай жасаса, осы кәсіпті игеріп әкетер едім, - деді Ғани Мұханбетов.
Кәсіпкердің сұрағын мұқият тыңдаған тиісті орын өкілдері несие алудың, бизнес жоспар құрудың жолдарын түсіндірді. Аудан әкімдігі жер алып берудің жолын қарастыратын болды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры облыстық филиалының бас менеджері Әліби Сабыр бұл ретте мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін ұсынды.
- «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша кез келген кәсіпке несие алуға болады. «Даму қоры» екінші дейгейлі банк арқылы көмек көрсетеді. Несие 19 пайыздық үстемемен беріледі. Оның 10 пайызын мемлекет, қалғанын кәсіпкердің өзі төлейді. Егер сіз банкке барғанда кепілге затыңыз жетпесе, қор сізге кепілдік береді. Ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге 85 пайызға дейін кепілдік беріледі. 20 миллион теңгеге дейін несе алуға болады. Сондай-ақ өңірлік бағдарламаларға да қатысуға болады. Қазіргі күні аймақтық «Жас старт Ақтөбе» және «Кең дала» бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Бұл екі бағыт бойынша несие 8,3 пайызбен беріледі. Сонымен қатар облыстық бюджеттен қайтарымсыз түрде берілетін грант бар. Егер бұл ауылда жоқ, яғни инновациялық жобалар болса, кәсіпкер 3 миллион теңгеге дейінгі қаржыны қайтарымсыз түрде ала алады. Жалпы бизнеске қатысты қандай да бір сауалдарыңыз болса, «Даму» қорындағы мамандар тегін кеңес беріп, бизнес жоспар құруға көмектеседі, - деді Әліби Сабыр.
Жиында шаруалардың тарапынан түрлі сұрақтар қойылды. Кейбіреулерінің мәселесі сол жерде шешілді. Тіпті осы жиында бір-бірімен танысып, серіктес ретінде жұмыс істеуге келісім жасаған тұрғындар да болды. Аудан орталығындағы кәсіпкер Мәдина Ысқақова ісін енді бастағалы тұрған Гүлжайнар Батырбаеваға өзінің тігін шеберханасын үш айға дейін ақы төлемей жалға алуға келісім берді.
Түстен кейін мемлекеттік және жекеменшік серіктестікке қатысты жиын өтті. Бұл басқосуда аудандағы тиісті орындарға мамандар кеңес берді. Ауданда атқарылатын шаруалар ортаға салынды. Биылғы жылы аудан бойынша үш жоба қолға алынған. Яғни Қосестек және Шәмші Қалдаяқов ауылдарына клуб салынса, аудан орталығынан елу орындық балабақша бой көтермек. Қазіргі күні екі клубтың жобалық құжаттары дайын. Ал балабақшаға жер бөлініп, тиісті құжаттар әзірленіп жатыр.
Сондай-ақ селолық округ әкімдеріне арналып дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Ақпараттық топ мүшелері өз салалары бойынша округ әкімдеріне кеңес берді.
Бұл күні аудан орталығындағы кәсіптік колледжде жастарға арнап тренинг өтті.
Ертеңіне ақпараттық топ ауданның Әлімбет, Петропавловка ауылдарын аралады.