Ақсай қаласында «Нұр Отан» ХДП 10 жылдығына орай «Ұрпаққа мәңгі тіл қатшы, далам!» атты жас ақындар мүшәйрасы мәреге жетті

ОРАЛ. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Ақсай қаласындағы Бөрлі аудандық мәдениет үйінде «Нұр Отан» ХДП 10 жылдығына орай «Ұрпаққа мәңгі тіл қатшы, далам!» атты жас ақындар мүшәйрасы мәреге жетті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жыр сайысына барлығы он екі үміткер қатысып, олар жас ерекшеліктеріне қарай 14 пен 18, 18 бен 25 жас аралығында шеберлік сынасты. Белгілі ақын, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қатимолла Бердіғалиев бастаған қазылар алқасы бағалаған мүшәйра қорытындысында 14 пен 18 жас аралығындағылардан Березов ауылынан келген Оралбек Ысқақ үздік шықты. Ал екінші топтан Ақсайдағы №4 мектеп мұғалімі Ғабдолхамит Рахметов жеңімпаз атанды. «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалының төрағасы Ибрагим Ізмағамбетов жеңімпаз бен жүлдегерлердің бәріне дипломдар мен сыйлықтар табыс етті.