ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақсай қаласының «Радио-Ақсай» ЖШС өзінің он жылдығына орай Шыңғырлау өзені жағасында 31 мамыр күні ұйымдастырған шара кезінде төбелес орын алды.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оған Ақсай қаласының тұрғындары мен түрлі ұйымдар өкілдері шақырылған. Би алаңында бұлар мейрамдап жатқан кезде күтпеген жерден жеңіл автокөлік сап ете қалып, одан түскен белгісіз біреулер билей бастаған. Шараны ұйымдастырушылар оларға автокөліктерін алаңнан әкету жөнінде айтқан кезде шақырусыз «қонақтар» жанжал шығарып, төбелес бастайды. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері төбелес шығарушылардың бәрін ұстап, Бөрлі аудандық ішкі істер бөліміне жеткізген. Қолға түскендер қарсыласып баққанмен, полиция қызметкерлері зардап шекпеген.
Қазіргі кезде бұзақылардың үстінен ҚР ҚК 257-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).