Ақсай қаласында жасырын ойынханалар әшкереленді

ОРАЛ. 5 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысына қарасты Бөрлі ауданының прокуратурасы өткізген рейдтік шаралар барысында Ақсай қаласында Д.Шамагин мен В.Корсун деген азаматтардың жасырын ойынханалар ұйымдастырғаны анықталды.

Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, осы факті бойынша аталған азаматтардың үстінен ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 338-1 бабы 2-бөліміне сәйкес әкімшілік іс қозғалған.

Бөрлі ауданы мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен Д.Шамагинге 100 АЕК көлемінде айыппұл салынып, 30 ойын автоматы мен басқа да табысы тәркіленді. Ал В.Корсунге 300 АЕК көлемінде айыппұл салынып, оның да 30 ойын автоматы мен өзге табысы тәркіленді.