АҚШ президенттік сайлаудағы В.Януковичтің жеңісін мойындады

АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат - АҚШ Президенті Барак Обама телефонмен Аймақтар партиясының жетекшісі Виктор Януковичті Украина президентінің сайлауындағы жеңісімен құттықтады.

Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлап отыр.

РБК агенттігінің хабарлауынша, американ басшысы «президенттік сайлау кезінде жұрттың көзі жеткен Украинадағы демократияның даму деңгейіне жоғары баға беріп өтті». В.Янукович құттықтау үшін алғысын білдірді және АҚШ пен Украинаның арасындағы серіктестік қарым-қатынастың өзара сенім және өзара құрмет қағидалары негізінде дами түсетінін атап көрсетті.

Естеріңізге сала кетейік, бейсенбі күні В.Януковичті жеңісімен ГФР, Франция және Польша президенттері құттықтаған болатын.

«ЕҚЫҰ-ның байқаушылар миссиясы атап көрсеткендей, демократиялық мазмұнда және нормаларға сәйкес өткен сайлау кезінде Украина халқы өз таңдауын жасады. Бұл Украинадағы демократияның жеңісі болып табылады және барша аймаққа үлгі боларлық іс. Сізбен жұмыс істейтініме қуаныштымын», делінген Франция Президентінің құттықтауында.

Ал ГФР Президенті В.Януковичке «барлық ығыттарды еңсеруде үлкен табыстар» тіледі.