COVID-19: АҚШ-та вакцина қабылдаған 10 бала көз жұмған

Фото: Азертадж

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмекті қадағалау басқармасының (FDA) комиссары Марти Макари COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинаны алғаннан кейін балалардың көз жұмғаны туралы ақпаратты растады, деп хабарлайды DW.

Марти Макари Fox News эфирінде ведомствода COVID-19 вакцинациясы балалардың өліміне себеп болғанын айтты. Оның бұл пікірі Тhe New York Times басылымындағы ақпараттан кейін шықты. Басқарма комиссары газетке шыққан жаңалықты растады. 

Басылымның хабарлауынша, FDA вакцинация бөлімінің бастығы Винай Прасад 28 қарашада қызметкерлерге жадынама жіберген. Тексеру барысында вакцинациядан кейін 10 баланың осы екпеден мерт болғаны анықталды. Болжамды себеп миокардит деп аталды.

Жазбада балалардың жасы, олардың денсаулық жағдайы немесе екпе мен өлім-жітім арасындағы байланыс орнатылған әдістеме туралы деректер жоқ. Вакцина өндірушісі туралы да айтылмады.

Ғалымдардың зерттеу нәтижесі бойынша COVID-19 вакцинасы қатерлі ісікпен күресуге көмектеседі.