АҚШ-та қытай тілін үйренуге деген ықылас артып келеді

АСТАНА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат - Жаһандық деңгейде өзінің сыртқы және экономикалық саясатын жүргізу үшін білікті лингвистерге мұқтаж болғанына қарамастан,

өткен онжылдықта АҚШ-тың мыңдаған мектептерінде шет тілдерді оқыту тоқтатылды. Дегенмен, соңғы кезде көптеген американдық оқушылар испан, француз және неміс тілдерін үйренгеннен гөрі қытай тіліне ықылас танытып отыр. Американ үкіметінің тапсырысы бойынша жүргізілген сауалнама осындай қорытынды шығарды, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.

Зерттеушілердің анықтауынша, қазіргі таңда шамамен 1600 американдық мемлекеттік және жекеменшік мектеп өз оқушыларына қытай тілін оқытады екен. Осыдан он жыл бұрын мұндай мектептердің саны 300 ғана болған. Қытай тіліне деген ықыластың өсуіне белгілі бір деңгейде қытай үкіметі де сеп болып отыр. Зерттеушілердің айтуынша, Қытай өз мұғалімдерін шетелдік мемлекеттерге жұмысқа жіберіп қана қоймай, олардың жалақыларының бір бөлігін де өзі төлеп отырады.

Есесіне АҚШ-та бұрындары кеңінен оқытылып келген испан, француз және неміс тілдеріне деген қызығушылық төмендеп отыр, дейді зерттеушілер.