Киберқауіпсіздік сарапшыларының айтуынша, бұл шабуылдар АҚШ-тағы мыңдаған мемлекеттік су жүйесінде бұрыннан бар қауіпсіздік осалдықтарын көрсеткен. Олардың көпшілігі интернетке қосылған, бірақ тиісті деңгейде қорғалмаған өнеркәсіптік компьютерлерді пайдаланады.
Шабуыл жасаушылардың негізгі нысанасына өнеркәсіптік жабдықтарды, су қысымын және тазарту нысандарында қосылатын химиялық заттардың мөлшерін басқаратын бағдарламаланатын логикалық контроллерлер (PLC) айналған.
Киберқауіпсіздік және инфрақұрылымды қорғау агенттігінің (CISA) мәліметінше, көп PLC құрылғысы интернетке тиісті қорғаныссыз қосылған. Атап айтқанда, кейбірінде рұқсатсыз қосылуды бұғаттайтын брандмауэрлер мен құрылғы мен интернет арасында қауіпсіз, шифрланған байланыс орнататын VPN жүйелері болмаған. Тіпті бірқатар құрылғыларға пароль де қойылмаған. Мұндай осалдықтар хакерлерге жүйелердің басқару функцияларына қол жеткізуге мүмкіндік берген.
Кибершабуылдар Джорджия, Мичиган, Миннесота, Нью-Джерси және Оңтүстік Дакота сияқты бірнеше штаттағы сумен жабдықтау жүйелерінің жұмысына әсер еткен. CISA мәліметінше, хакерлер құрылғылардың IP-мекенжайларын өзгерту арқылы операторлардың жүйеге қол жеткізуін бұғаттап, кейбір құрылғыларды істен шығарған. Соның салдарынан жекелеген елді мекендерде су қысымы төмендеп, сумен жабдықтау уақытша үзілген. Кейбір коммуналдық кәсіпорындар жүйелерді қолмен басқаруға мәжбүр болған.
Сарапшылар кибершабуылдардың нақты ауқымы бұдан да кең болуы мүмкін деп есептеп отыр. Өйткені коммуналдық қызметтер мұндай оқиғалардың барлығы туралы міндетті түрде хабарлай бермейді.
Әзірге шабуылдарға жауапкершілікті ешкім өз мойнына алған жоқ. Сондықтан хакерлердің көздеген мақсаты да белгісіз.
АҚШ билігі шабуылдарға Иранның қолдауындағы хакерлердің қатысы болуы мүмкін деп болжап отыр. Дегенмен кибершабуылдар ауызсудың сапасына әсер етпеген. Коммуналдық қызметтер де өз жүйелерін қысқа уақыт ішінде қайта бақылауға алған.